Қарағандыда 100 аула абаттандырылады

Оған әдеттегідей балалар алаңы салынып, жаңа асфальт жол төселіп, жарықшамдар орнатылады, деп хабарлайды «Хабар 24».

Бірақ жобада гүлшоқтар егіп, газон төсеу қарастырылмаған. Есесіне көркем аула байқауын біраз жылдан бері полицейлер өткізіп келген еді. Себебі олар мұндай аулада қылмыс аз болатынын аңғарған. Соның бірі осы бір үй тұрғындары ауланы әдемі гүлдермен көмкеруді әдетке айналдырған. 

Наталья Максимчук, Қарағанды қаласының тұрғыны:

- Біз әдетте басқалардан бірдеңе талап еткенді ұнатамыз. Бірақ әркім өзінен, өз үйінен бастау керек. Біз өз үйіміздің кіреберісінен бастауды жөн көрдік. Бізді көрген өзге тұрғындарда ауласын әсемдеуге кірісті. Нәтижесі өздеріңіз көріп отырғандай. 

Нәтижесінде әркімнің әсемдік турасындағы ойы әр-түрлі екенін байқауға болады. Мысалы мына аулада ағылшын көгалдары мен африка тотықұстарын айтпағанда, ескі дөңгелектерден жасалған тропикалық құстарды кездестіресіз. 

Ксения Рынгач, сәулетші-дизайнер: 

- Менің ойымша, мұндай дәуірдің заманы аяқталған. Адамдардың еңбегін жоққа шығармаймын бірақ әркім қалай болса солай көркемдесе, біз аулалардан осыдан бірнеше ондаған  жыл кейінге қалып қойғандай боламыз.  Қазіргі қоғамда эстетика сәл басқаша әрлеуді қажет етеді. Нақты бірізділік болуы керек. 

Людмила Подшибякина, ПИК төрайымы: 

- Біз тек әдемілікті қалаймыз. Есіктің алдына шыққан кезде жайнап тұрса несі жаман? Бірізді болу үшін оған қыруар қаржы керек. Ал біз ай-сайын не бары 102 мың теңгеге жуық қаржы жинаймыз. Ол басқа ештеңге жетпейді. 

Пәтер иелері кооперативінің төрайымы әр аулада бірізділік болса жақсы болар еді дейді. Бірақ оған қосымша мамандар, дизайнерлер керек болады. Ал, ай сайынғы төлем одан маңызды дүниелерге бағытталған деп отыр. 

Авторлары: Дәуренбек Бағдәулетұлы, Сайран Ақамбаев, Зарина Зұлпыхар