Құмар ойынға тыйым бола ма?

Ойынқұмарлық – аса қауіпті психологиялық дерт. Психолог мамандар осылай деп дабыл қағып отыр. Себебі құмар ойынның шырмауына түсіп, отбасының шырқын бұзғандар көбейіп кетті, деп хабарлайды «Хабар 24».

Бұл дерт нашақорлықтан да асып түседі дейді. Ал ойынға салынғандардың дауасы табылмай отыр. Тіпті құмар ойындардың жарнамасы да жер жарып тұр. Бақытжан жас өмірін өз қолыммен қор қылдым деп зар жылап отыр.15 жыл бойы құмар ойынның құлы болған ол бүгінде арнайы орталықта ем қабылдап жатыр. Енді бәс тігіп, босқа ақша шашпаймын деп бекініп отыр. Өткен күннен ащы сабақ алды. Осы жылдар ішінде 40 млн теңгесі желге ұшты. Тіпті өз-өзін бірнеше рет өлімге де қиғысы келгенін айтады. 

Бақытжан, қала тұрғыны:

Өмірден түңіліп кеттім. Өзіме сенімділік жоғалды. Құндылықтарым өзгерді, ата-анам, әйелім, туыстарымды жау санап кеттім. Өзіңді шығару үшін өзіңе сену керек. Сенімділік болу керек. Алға мақсат қойып, жылжу керек.

Статистиканы сөйлетсек, Қазақстанда 350 мыңға жуық адам құмар ойынның шырмауына іліккен. Көбі жасөспірім. Елдегі бір ойынқұмардың орташа қарызы – 10 млн теңгеге жеткен. Ең қиыны, он жұптың жетеуінің шаңырағы осы құмар ойынның кесірінен шайқалады. Ал Заңда құмар ойынның жарнамасына тікелей тыйым салынбаған. «Қауіпті кесел» деп мемлекеттік деңгейде мойындап, шара қолдану керек дейді мамандар. Оң-солын танып үлгермеген жасөспірім ұялы телефонмен-ақ миллиондап қарызға кіріп, шарасыз күйге түсіп жатыр.

Нұрлыбек Тұрсынбеков, көмек орталығының жетекшісі:

15 қоңырау түседі. Соның ішінде 8-і маскүнемдікке қатысты болса, ал қалған 7-8 і ойынқұмарлық мәселесі. Көбінесе туысқандары хабарласады. Бір айда 210 ана осы мәселемен бізге хабарласады. Бізде бір азамат жатыр. 17 жаста отбасына келтірген материалдық шығыны 80 миллион теңге.

Құмар ойынға тәуелділердің көптігінен елімізде оларды емдейтін арнайы орталықтар да ашылып жатыр. Орталыққа келгендердің дені – букмекерлік кеңсе ойыншылары. Жалпы елімізде 10-ға жуық букмекерлік компания өз ісін дөңгелетіп отыр.

Асанғазы Гусманов, экономикалық тергеу департаментінің жедел уәкілі:

– Статистика бойынша бізде 2022 жылы өндірісімізде 11 қылмыстық іс болды. Оның 4-і өндіріспен аяқталып, оның ішінде екі іс бойынша азаматтар жауапкершілікке тартылды.

Гүлзия Нақыпқызы: тілші:

– Талай отбасын ойран қылған, көп адамның жан тыныштығын алған, ананы жылатқан, ойынқұмар адамды жардан құлатқан бұл заман дерті. Кім біледі айналаңызда тап қазір көмекке мұқтаж,ойынға тәуелді бір адам бар шығар. Дер кезінде тоқтату керек. Тоқтау керек...

Авторлары: Гүлзия Нақыпқызы Артур Горшняков