«Хабар» арнасы жаңа маусымда 100-ден аса тың жоба ұсынады

Көзіқарақты көрерменге ұсынған 100 жобаның ішінде тәрбиелік, танымдық мегажобалар бар. Ақпарат ағымының да аясы кеңейеді, деп хабарлайды «Хабар 24».

Биыл 10 жылдығын атап өткен «Хабар 24» арнасы нон-стоп режимінде жұмыс істеуді бастады. Агенттік құрамындағы «Хабар» мен «Ел арна» да жаңа серпінмен күзгі маусымды бастап кетті. Бүгін «Қазмедиа» орталығында агенттік ресми түрде жаңа маусымның тұсауын кесті. Жаңа маусым. 27 жыл көрерменге тоқтаусыз ақпарат таратып отырған «Хабар» агенттігі тың жобаларын таныстырды. Түрлі кеңістікте өз аудиториясын тапқан үш арна күзгі маусымға 106 жаңа жобамен келді. Иә агенттіктің қазақ телевизиясында өзіндік қолтаңбасы бар. Міне, бүгін салтанатты түрде жаңа маусымның тұсауы кесілді. Жиынға ақпарат аламанының жүйріктері мен белгілі тұлғалар қатысып, телеарнаға тыныс берген тың жобалармен бірінші болып танысты.

Берік Уәли, «Хабар» Агенттігі» АҚ басқарма төрағасы:

– Жаңа маусымға «Хабар» агенттігі үлкен дайындықпен келді...

Сонымен қатар «Хабар 24» телеарнасы биыл 10 жылдығын атап өтті. Еліміздің басты ақпараттық арнасы аз уақытта көрермен сенімінің кілтін таба білді. Кіршіксіз сенімді кір шалмады. Ақпарат ағымының майдангерлері қуанышта да, қиын-қыстау кезде де ақиқат пен жалғанның аражігін ажыратып, ел халқына дақпырт дерексіз, дәл мәліметті таратып отырды. Осы үшін де мерейлі мерейтойға орай мемлекет басшысы телеарнаға құттықтау хатын жіберді.

Жаңалықты жалау еткен «Хабар 24» нон-стоп режимінде жұмыс істеуді бастады. Енді арнамызда ақпараттың саны артып, сараптамалық бағдарламалар көбейеді.

Сонымен қатар кеште ақпарат министрлігі мен «Хабар» агенттігі атынан марапаттар да табысталды. «Хабар 24» телеарнасы құрылғаннан бері жаңалық тізгінін ұстап жүрген журналистердің бір парасы «Ақпарат саласының үздігі» төсбелгісіне ие болды.