«Ұлы Дала Жорығы» республикалық бәйге марафонының төртінші кезеңі қорытындыланды

Шабандоздар 400 шақырым межені бағындырды.  Кеше марафоншылар Ұлытау облысы Алғабас ауылдық округіне аялдады, деп хабарлайды «Хабар 24».

Бәйгенің алдын әлі де Маңғыстау облысының командасы бермей тұр.  Жарыстың 400 шақырымдық межесін еңсеру командарлар үшін қиынға түсті. Төрт күн бұрын елордадан 19 команда аттанған болса, Ұлытау топырағына 11 команда жетті. Маңғыстау, Ақтөбе мен Жетісу командалары толық құраммен келе жатыр. Ереже бойынша, жүлделі орынға ие болу үшін әр командада бес шабандоз болуға тиіс. Аттар жарамсыз болған не басқа да себепті жағдайда командаларға кемі үш шабандозбен жарысты жалғастыруға рұқсат етіледі. Ал бүгін, шабандоздар таң ата Алғабас ауылынан аттанып, бесінші кезең айналымына жолға шықты.