2025 жылға дейін зейнетақы мөлшері 27% дейін өседі

Еңбек өтілі аз әрі зейнетақысы төмен азаматтарға арналған бағдарлама іске қосылған. Бұл жайында Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Тамар Дүйсенова хабарлады.

Бүгінде 8 млн 800 мыңнан астам қазақстандық жұмыспен қамтылған. 55 пен 64 жас аралығындағы жалдамалы қызметте жүргендерінің саны 700 мыңнан асып жығылады. Жасы 65-тен асқандарының үлесі 28 мыңға таяу. Ал 232 мың қазақстандық еңбекке жарамды жастан асса да, әлі жұмыс істеп жүр. Жалпы жұмыс берушімен тиісті келісімшартқа отырған жағдайда зейнет жасындағы азаматтардың құқықтары мен міндеттері Еңбек кодексінің 20-бабына сәйкес қорғалады. Егде тартқан еңбеккерді жұмыстан кетірмек оймен басшылық қысым көрсетсе, тиісті амал қолданған абзал.

Бағдат Амандосұлы, заңгер:

- Мысалы, жұмыс берушінің қысым жасау фактісін бейнежазбаға аудиоға жазып, басып алған дұрыс болады. Одан кейін барып егер сіз жазатын болсаңыз, аталған қызметіңізден өз еркіңізбен жұмыстан кету туралы арызыңыз сот арқылы заңсыз болып табылуы әбден мүмкін. Себебі сізде дәлелдер бар.

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі келтіргендей, 325 мыңнан астам әйел жұмысқа араласатын жастан асқан. Олардың зейнетақысы 20 мың теңге көлемінде ғана. Онысы келер жылы 4 мыңға көтерілмек. Осы ретте зейнатықысы тым аз әйелдерге «Күміс жас» жобасына қатысуға мүмкіндік беріледі. Яғни мемлекет субсидиялайтын жұмысқа тұрғызып, еңбек өтілін жинауға жағдай жасалған. Сөйтіп, табысын кемінде 70-80 мыңға жеткізу көзделіп отыр. Бұдан бөлек, зейнетақы аннуитетінің бағасын түсіру қаралып жатыр.

Тамара Дүйсенова, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі: 

 - Жалпы зейнетақы анниунтет кімдерге жасалған? Кімнің зейнетақы жинағы аз болатын болса, сол азаматтар пенсионный аннуитет сатып алып, мүмкіндігінше ұзақ уақыт зейнетақы алу мәселесі қарастырылған. Қазір оны көбінесе зейнетақы жинағы жоғары азаматтар алып жатыр. Сондықтан біз оның құнын қайта қарастырып, әсіресе осы жинағы аз аналарға алуға мүмкіндік қарастырамыз.

Құзырлы ведомство басшысының айтуынша, 2025 жылға дейін зейнетақы мөлшері 27% дейін өседі. Бұған зейнетақының базалық мөлшерлемесін жоғарылату арқылы қол жеткізілмек. Ол үшін бюджеттен 1,3 трлн бюджет қаржысы бөлу қарастырылып отыр.

Авторы: Бақыт Топтаева