Сот Қостанайдағы балалар ауруханасына қатысты шешім шығарды

Экономикалық сот Қостанайдағы облыстық балалар ауруханасына қатысты шешім шығарды.

Сот ұйғарымы бойынша тапсырыс беруші мердігермен келісім-шартты заңсыз бұзған. Яғни жөндеудің ұзаққа  созылуына медициналық мекеменің әкімшілігі кінәлі. Естеріңізге салайық, балалар ауруханасын жөндеу жұмыстары пандемия  кезінде, яғни 2020 жылдың шілде айында басталған. Содан бері сырқат балалар әр жерде, басқа бөлімдерде ем қабылдап жүр. Күрделі жөндеудің сметалық құны 1 миллиард  200 миллион тенге. Қаржы республикалық бюджеттен бөлінген. Ал жөндеу жұмыстарының тоқтап тұрғанына бір жыл болды. Себебі мердігер қарағандылық фирма мен тапсырыс беруші медициналық мекеме арасындағы  сот тартысы содан бері жалғасып келеді. Енді тапсырыс беруші мердігерді мемлекеттік сатып алуға  жауапсыз қатысушы  деп танығанын қалайды.

Зәуре Едікова, облыстық соттың баспасөз қызметінің басшысы:

- «Вершина» жауапкершілігі серіктестігін жауапсыз деп тану туралы қарсы тараптың шағымы қанағаттандырылған жоқ.  Сот мердігердің келтірген дәләл-дәйектерін орынды деп тапты. Шешім әлі заңды күшіне енген жоқ.

Қос тараптың да аппеляциялық шағым беруіне бір ай уақыт бар. Бұл мүмкіндікті олар пайдалана ма, жоқ па әзірге белгісіз. Сондықтан жөндеу жұмыстарының қашан аяқталатындығы да беймәлім.