Елімізде 200-ге жуық полицей заң бұзған

200-ге жуық тәртіп сақшысы заң бұзған. Оның 149-ы ауыр қылмыспен ұсталды.

Бұл туралы Ішкі істер министрі Марат Ахметжанов Қостанай облысы тұрғындарымен кездесуінде айтты. Полиция халыққа жақын болсын десек, әлеуметтік жағдайын жасап, саланың техникалық базасын нығайту керек.  Әйтпесе құқық қорғаушылардың пара алуын тоқтату мүмкін емес сияқты - дейді министр. Марат Ахметжанов елде отыз жыл ішінде түрмеде отырған қылмыскерлер саны үш есе азайғанын мәлімдеді. Тоқсаныншы жылдары Қазақстан сотталушылар саны бойынша АҚШ пен Ресейден кейін үшінші орында болса, қазір 77-сатыда тұр. Жазасын өтеушілер қатары 100 мыңнан 30 мыңға кеміді. Министр тұрғындардың сұрағына жауап беріп, ұсыныс тілектерін тыңдады. Құқық қорғау саласын жайлаған жемқорлыққа байланысты қоғамды алаңдатқан мәселеге ашық жауап берді.

Марат Ахметжанов, ҚР Ішкі істер министрі:

- Біз оны жасырмаймыз. Ондай жемқорлар қатарымызда бар өкінішке орай. Олармен біз жүйелі күресіп жатырмыз. Біздің жасап жатқан қомақты жұмысымызды жоққа шығарып, абыройымызға нұқсан келтірушілерді біз заң талаптарына сай барынша қатаң жауапқа тартамыз.