Алматыда адамның аяғын кеспей сақтап қалуға мүмкіндік беретін операция жасалды

Қазақстандық онкохирургтер жамбас сүйекті ауыстыру мүмкіндігіне ие болды.

Бұрын бізде мұндай операция жасалмайтын. Енді 3D технологиясы арқылы адам өмірін сақтап қалуға, жүріп тұруын жеңілдетуге жағдай жасалмақ. Бұл жобаны жүзеге асыру үшін  қытайлық  компаниямен  ұзақ мерзімді меморандум жасалды. Оған Гонконг университетінің мамандары да қатысып жатыр.

3D технологиясы арқылы  жамбас сүйектерін қалыпқа келтіруге болады. «Алғашқы операция сәтті өтті», - дейді медицина ғылымдарының канидаты Ғани Серікбаев.

Операция 23 жастағы науқасқа жасалған. Бұрын хирургтар жамбас сүйектерінің ісік шалып, зақымдалған жерін алып тастауға мәжбүр еді. Бұл жамбас сақинасының тұтастығын бұзып, омыртқаны қисайтып, адамның жүріс-тұрысына ауырлық түсіретін. 

Ғани Серікбаев, Қазақ онкология және радиология ҒЗИ бөлім меңгерушісі:

- Жамбас сүйектерінің ісіктерін бұрын алып тастайтын едік. Бірақ оны жалғау үшін бізде материал болған жоқ. Жалғау үшін специально 3Д технологиямен Гонконгтың медуниверситетпен жасаймыз. Оларға науқастың КТ снимкаларын жібереміз.

Шетелдік мамандар осыған қарап салмағын, өлшемін шығарып 3D технологиясы арқылы әр адамға жеке эндопротез жасайды. Протез кобальт-хром қорытпасынан істеледі. Дәрігердің айтуынша,  науқас операциядан кейінгі бесінші күні жүре бастайды. Қазір осындай әдіспен жамбас сүйегін ауыстырған алғашқы науқстың оңалту кезеңі ойдағыдай өтіп жатыр. 

Ғани Серікбаев, Қазақ онкология және радиология ҒЗИ бөлім меңгерушісі:

- Аяғы сақталады. Бұрын былай жамбастың сүйегін аяғымен бірге алып тастайтын едік. Кейбіреулерге жамбас сүйегін алып тастап, аяғын сақтаймыз. Бірақ сегізкөз сүйекпен жалғай алмаймыз. Содан соң басатын аппарат способность нарушается. Науқас өмір бойы балдақпен жүреді. Қазір бәрін ауыстырсақ науқас өз аяғымен балдақсыз жүретін болады.

Әзірге жамбас сүйегі ісігінің неден болатыны белгісіз. Оған ағзадағы бұзылыс себеп болуы мүмкін. Айта кетейік, Радиология және онкология институтына жылына 40-қа жуық адам осындай диагнозбен келеді. Дәл осындай екінші операция келесі айда жасалады. Қазір науқас емін алып күтіп жатыр. Операция мемлекет есебінен тегін жасалады.

Қарлығаш Қайыпбекова, Валентин Лобанов