Астанада автобус жүргізушілері қажет

Астана қаласының қоғамдық көлік паркінде 1500-ден аса жүргізуші жұмыс істейді, деп хабарлайды «Хабар 24».

Тағы 1012 маманға сұраныс бар. Бұл алдымен, қаланың көлік торабы кеңейіп, халық санының артуымен байланысты. Одан кейін, жүргізушілерге қажетті «Д» санатын алу үшін шағын автобус тізгінінде 3 жыл еңбек өтілінің болуы талап етіледі.

Әділ Сайынов, қалалық Көлікті үйлестіру департаменті директорының орынбасары:

- Енді біз барлық Қазақстан аумақтарымен бірге осы сұрақты көтеріп жатырмыз. Ондай талаптарды алып тастағаннан кезде біз жүргізушілерді толық ала аламыз жұмысқа. Көп адамдар жүргізуші болып келеді, бірақ сол қиын талап болып тұр.

Талаптың  күшейтілуі – қауіпсіздік мақсатындағы қадам, - дейді сала мамандары. Қоғамдық көлік жүргізушісі өзінің ғана емес, ондаған адамның өміріне жауапты.

Мұрат Анарбек, мамандандырылған ХҚКО бас маманы:

- Бұйрыққа сәйкес, бізде ол 2014 жылдан бастап бекітілген. Мақсаты сол халықтың біріншіден қауіпсіздігі. Қоғамдық көлік жүргізушілерінің біліктілігіне байланысты сондай заңнама бекітілген.

Сарапшылар қоғамдық көліктің баламалы түрлерін қолданысқа енгізу ахуалды жақсартуға септігін тигізетініне сенімді. Сондай-ақ жүргізушілерді даярлау мәселесін қайта қарау артық етпейтінін алға тартады. 

Ризван Цинаев, сарапшы:

- Менің ойымша, жарты жыл теориялық, тағы жарты жыл тәжірибе жеткілікті. Осы мерзімде адам қоғамдық көлікті басқару машығын игере алады. Сонымен қатар, жоғары жылдамдықты қоғамдық көлік түрі немесе трамвай іске қосылса,  қаладағы көлік ағынын реттеуге көмектесер еді.

Бас қалада күн сайын 800 автобус қатынайды. Кезең-кезеңмен тағы 400-ге жуығын желіге қосу жоспарда бар.

Мамандар пікірінше, қоғамдық көлік жұмысына қатысты кешенді шаралар қабылдау саланы дамытуға оң ықпал етеді.

Авторы: Рухани Асқар