Асанбай Асқаров жайлы «Алаш рухты азамат» кітабінің тұсаукесері өтті

Түркістанда мемлекет және қоғам қайраткері Асанбай Асқаровтың өмірінен сыр шертетін «Алаш рухты азамат» атты кітаптың тұсаукесер рәсімі өтті.

Көлемі 16 баспа табақ болатын жинаққа қазақ халқының біртуар перзентімен қызметтес болғандар, шәкірттері, рухтас інілері, қоғам қайраткерлері мен зиялы қауым өкілдерінің жылы естеліктері топтастырылған.  Одан бөлек, кеше ғана дүниеден озған белгілі жазушы Мархабат Байғұттың «Асқаровтың аққайыңдары» атты пьесасы және дара тұлғаның қуғынға ұшырап, тар қапаста жатып аяулы жары – Фатима Ғалиқызымен, балаларымен және тілеулес жандармен жазысқан хаттары енген. 

Жеңісбек Мәуленқұлов, облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы:

- Біздің кешегі тарихтан өткен үлкен тұлғаларымыздың үлгі-өнегесін, жұмыс істеу тәсілін, халыққа қалай қызмет етті, осыны бір бағыт жасап, бұның өзін бір басқару жүйесі ретінде келешек ұрпақтың бойына сіңіре отырып, біз кімбіз деген сұрақтарына жауап алатын үлкен бағыт деп ойлаймын. Оның қасиетін, қадірін, еңбекке деген, халқына деген, мемлекетіне деген іс-тіршілігінің бәрі айтылады.