Астанада «ОЛИМП» клиникалық-диагностикалық зертханасы жаңа инновациялық кешенін іске қосты

«ОЛИМП» клиникалық-диагностикалық зертханасы Астанада жаңа инновациялық кешенін іске қосты, деп хабарлайды «Хабар 24».   

Онда еліміз бен барлық Орталық Азия аумағында алғаш рет швейцариялық Roche (Рош)компаниясының талдауларды жасауға арналған автоматтандырылған желісі қолданылады. «ОЛИМП» клиникалық-диагностикалық зертханасы Орталық Азияда теңдесі жоқ құрал-жабдықпен жұмыс істей бастады. Бұдан былай түрлі зертханалық талдаулар бұрынғыдан да жылдам жасалады. Заманауи құрылғылар арқылы биохимиялық және иммунохимиялық зерттеулер толық автоматтандырылды.

Ерлан Сүлейменов, «ОЛИМП» зертханалары желісінің бас директоры:

- Зертханаларды автоматтандыру - әлемдік тренд. Ол зерттеу жасау жылдамдығын барынша арттырып, адами фактордың ықпалын неғұрлым азайтуға мүмкіндік береді. Олимп зертханасы қызметі көлемінің жартысынан көбі мемлекеттік емханалар мен стационарлардың пациенттері үшін орындалады. Сондықтан бұл озық жоба тегін мединалық көмек сапасын көтеруге де оң әсер етеді.

Бұл құрал-жабдықтар арқылы зертханашының жұмысы едәуір жеңілдеді. Талдау жасау барысында зертханашы сынамаларды құрылғыға салып, зерттеліп болғанын алып қана кетеді. Қалған жұмыстың бәрін құрылғы өзі атқарады. Тәулігіне мұнда 130 мың талдау жасалады.

Кристоф Франц, «ROCHE AG» холдингі директорлар кеңесінің төрағасы:

 - Қазақстан біздің сенімді серіктесіміз. «Олимп» зертханасымен бірлесіп жүзеге асырып отырған жобамыз елдегі медицина саласын дамытуға зор үлес қосады. Бұл құрал-жабдықтар зертханалық диагностика саласындағы соңғы үлгі.

Клиникалық-диагностикалық зертханамен қатар жаңа кешенде хромато-масс-спектрометрия, молекулярлық генетика, микробиология, паразитология, гистология зертханалары жұмыс істейді. Кешенді іске қосу мақсатында 5 млрд теңгеден астам инвестиция жұмсалды.