Алматыда садақ атудан тегін үйірме ашылды

Бұл – елдегі алғашқы мектепішілік үйірме. Қазірдің өзінде ұлттық өнерді үйренуге 60-қа жуық бала жазылып үлгерген. Оған ата-аналары да қатыса алады. Садақ тарту – қазақтың ежелгі өнерінің бірі. Жігіттерді жауынгерлікке баулыған.

Ол көз қырағылығын арттырып, бұлшық еттің дамуына көп ықпалын тигізеді. Мәселен, бір жебені ату 40 келі жүк көтергенмен бірдей екен. «Дешті-Қыпшақ садақ федерациясы» өкілдерінің айтуынша, садақ атуға қызығушылық жастар арасында жоғары. Бірақ үйірмелердің айлық бағасы 30-40 мың теңге болғандықтан, оны көпшіліктің қалтасы көтере бермейді. Федерация өкілдері: "Қолдау болса, басқа мектептерде де тегін үйірме ашуға дайынбыз", – дейді.  

Болат Жанайханұлы, №202  мектеп-гимназия директоры:

- Балалардың бос уақыттарын тиімді пайдалану мақсатында тек садақ ату ғана емес, оның шығу тарихы оның жасалу жолдары, садақты қандай қашықтықта атқан, кімдер қолданған деген сияқты сұрақтарға жауап іздейміз. Жаугершілік заманда садақтың рөлі қандай, жалпы  садақ ату өнерінің тарихын да үйрететін боламыз.

Айдар Қасымғазы, Дешті-Қыпшақ садақ федерациясының төрағасы:

- Әлемдік деңгейде жарыстарда 3 нысана бар. Брінші жамбы ату ата-бабадан қалған. Қазір жамбы әлемдік жарыста өз патентін алып атылып жүр. Сосын 70 метрден ату фетих қырғыз нысанасы бар. Әртүрлі қашықтығы бар. Солар бойынша дайындаламыз.