Әр адам өз құқығын білуі тиіс – Тастемір Әбішев

Әр адам өз құқығын білуі тиіс. Заң бар және ол бәріне ортақ. Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Адам құқықтары жөніндегі комиссияның хатшысы Тастемір Әбішев осылай деді.

Қазақстандағы адам құқықтарын қорғаудың ұлттық және халықаралық тетіктері бойынша өткен дөңгелек үстелге Мақсұт Нәрікбаев атындағы Заң университетінің студенттері қатысты. Талқылау кезінде тұрғындардың әлеуметтік-экономикалық құқықтарын қамтамасыз ету мәселелері сөз болды. Тастемір Әбішевтің айтуынша, мұндай кездесулер жыл сайын өткізіліп тұрады. Бұл жастардың ой-өрісін кеңейтумен қатар болашақта заң саласында жұмыс істеуде қажетті дағдыларды меңгеруге мүмкіндік береді.

Тастемір Әбішев, Адам құқықтары жөніндегі комиссияның хатшысы:

- Енді Қазақстанның азаматтары ғана емес, елімізде тұрақты немесе уақытша тұрып жатқан шетелдіктер, азаматтығы жоқ адамдар, босқындар, қандастар, азаматтықты алып үлгермегендер де Конституциялық сотқа жүгінуге құқылы. Мысалы, менің құқықтарым бар болғанымен, мемлекет пен қоғам алдында міндеттерімді де ұмытпауым керек.  Ол екеуі егіз қозыдай тең жүреді.