Қарағанды облысындағы 16 ауылға ауызсу тартылады

Қарағанды облысының Ақтоғай ауданындағы 16 ауылға 2025 жылға дейін су құбыры тартылады, деп хабарлайды «Хабар 24»

Жергілікті билік тұрғындарды 100% тіршілік нәрімен қамтимыз деп отыр. Жуырда Ақши ауылына су тартылды. Биыл тағы қанша елді мекенге беріледі. 

Бану Әубәкірова Ақши ауылының байырғы тұрғыны. "Елді мекен құрылғалы мұнда орталықтандырылған су жүйесі болған емес", - дейді ол. Биыл алғаш рет тартылып, құбырды үйді-үйге кіргізіп берген. Енді 80-ге таяған әжей рахатын көріп отыр.  

Бану Әубәкірова, Ақши ауылының тұрғыны:

- Бұған дейін құтымен тасыдық. Мезгілімен ашады, мезгілімен жабады. Қысы-жазы шана қолымыздан түскен жоқ. Қаладағы үйден неміз кем. Ыстық су да бар, титан қойдық. Дәретхананы жасатып алдым.      

Ауылға су келгелі мектеп пен бала-бақшаның да жұмысы жеңілдеген. Бұған дейін мұнда су тасымалмен жеткізілетін. Қазір краннан ағып тұр.

Дулат Ізбасаров, Ақши орта мектебінің директоры:

- Дәретхананы ішке кіргізіп, су бәрі тартылып, балаларға да, мектеп жұмыскерлеріне де жақсы, ыңғайлы болды. Суықта, аязда балалар дірілдеп далаға шығып жүретін, қазір бәрі іште.

Ауыл тұрғындары: "Судың сапасы өте жоғары", - дейді. Іргедегі таудың етегіне сыйымдылығы 160 текше метр болатын су мұнарасы орнатылып, 4 шақырым құбыр тартылған. Бұл мақсатқа жергілікті бюджеттен 185 млн теңге қаржы бөлініпті. Енді биыл тағы үш ауылға: Үшарал, Жалаңаш, Қуанышқа су беріледі. Келесі жылға да жоспарланып отыр. 

Саян Мұратұлы, Ақтоғай ауданы әкімінің орынбасары:

- Бүгінгі таңда Ақтоғай ауданы әкімдігі тарапынан жоспар бойынша 5 ауылдық елді мекенге жобалау-сметалық құжаттама даярлануда. Аталған жобалардың даярлығына байланысты бюджеттік нақтылау кезінде тиісті мемлекеттік органдарға жолданатын болады қаржы бөлуге. Қаржы бөлген жағдайда бұл жұмыстардың басы басталып, келесі жылы аяқталады деген жоспар бар.

Қазір Ақтоғай ауданында барлығы 36 ауыл болса, соның 20-на су тартылған. Қалған 16 елді-мекенге 2025 жылға дейін беріледі. Әзірге аудандағы 16 мың халықтың 80% ауызсумен қамтылып отыр.

Авторлары: Ардақ Асылханұлы, Сайран Ақамбаев, Зарина Зұлпыхар