Қызылорда облысында қос мереке қатар тойланып жатыр. LIVE

Қызылордада Наурыз мерекесі жеті күннен бері тойланып жатыр.

Ұлттық салт-дәстүрді ұлықтауға арналған 300-ге жуық шара ұйымдастырылды. Ал бүгін қала қонақтары мен тұрғындар орталық алаңға жиналды. Биылғы Наурыз- думан  Қызылорда облысының  85 жылдығымен қатар келіп отыр. Сыр өңіріндегі әріптесім осы тойдың ортасынан тікелей байланысқа шығуға дайын.

Нұрлан Жақыпбеков, тілші:

- Бүгін орталық алаң этноауылға айналды. Мұнда қазақтың ұлттық салт-дәстүрлері көрініс тапқан. Қырыққа жуық ақшаңқан үй тігілді. Әр киіз үйге атау беріліп, өнерпаздар ән-жыр, би мен күйдің тиегін ағытқан. Шара аясында Қызылорда облысының тарихынан сыр шертетін жәдігерлер мен суреттердің көрмесі де ұйымдастырылған. 

 

Наурыз мерекесі Қызылорда облысының құрылғанына 85 жыл толуына орай 85 бүлдіршіннің тұсауын кесу рәсімімен басталды. Қаз басқан балапандарға ақсақалдар бата беріп, елдің амандығын тіледі. Тағы бір ерекше сайыс - «Көлтауысар» деп аталды. Бірақ бұл жарысқа қатысушылар көл суын емес, қымыз ішіп жарысты. «Атамекен» отбасылық үлгідегі балалар ауылынан шыққан жас жұптың үйлену тойы да көпшілік назарын аударды. Жаңа түскен келінге беташар жыры айтылып, сәлем салғызды. Ұлттық спорт түрлерінен де жарыс өтті. Қазақ күресі, гір көтеру, ләңгі тебу және қой көтеруден үздік шыққандар қаржылай сыйлыққа ие болды.

Этноауылда қолөнершілердің де киіз үйі тігілді. Он саусағынан өнер тамған шеберлер ұлттық бұйымдарды жұртшылық назарына ұсынды. «Ұлыс күні қазан толса, сол жылы ақ мол болар» деген. Орталық алаңдағы думанға жиналған жұртшылық арнайы дайындалған наурыз көжеден дәм татты.