Солтүстікте аптап ыстық болып тұр

Солтүстік Қазақстан облысында аптап ыстық басталды. 

 Синоптиктердің болжамы бойынша алдағы күндері сынап бағанасы 42 градусқа дейін көтеріледі.

Ауа райының күрт ысуына байланысты төтенше жағдайлар қызметі күшейтілген жұмыс тәртібіне көшті. Олар үшін аса қауіпті кезең басталды.

Петропавлда жаздың алғашқы күндері болса да, жұрт жаппай шомылып күнге қыздырынып жатыр. Алакөлдің жағасында ине шаншар жер жоқ. Ыстықтан ығыры шыққандар осында келеді.      

Аяжан Байбол, қала тұрғыны:

- Бүгін ауа райы өте ыстық. Мен өзімнің құрбыларымен Пестроеға келдім. Бүгін бірінші рет келіп тұрмын. Су өте күшті. Өте күшті шомылып, демалып жатырмыз. 

Есесіне құтқарушыларға демалыс жоқ. Күннің ыстығында жұмыс жандана түседі. Төтенше жағдайлар қызметкерлері жағажайларда күні - түні кезекшілік етеді. Бірақ олардың мүмкіндігі бәріне бірдей жетпейді. Өңірде шомылуға рұқсат етілген 58 орын белгіленген. Қалғандарында шомылу қауіпті.    

Ризабек Темірбеков, ТЖД басқармасының офицері:

- 2022 жылы 5 адам суға батып кетті. Оның біреуі бала болып табылады. Қазіргі уақытта осыған байланысты күшейтілген рейдік іс-шаралар жүргізіп жатыр. Қазіргі таңда 200-ден аса рейдтік іс-шара жүргізілді. Онда 5 мыңнан аса үгіт - насихат құралдары таратылды. 

Қазір Петропавлдың өзінде 40 градустық ыстық  басталды. Соңғы рет дәл осындай құбылыс 1940 жылдың шілдесінде тіркелген. 

Наталия Левина, "ҚАЗГИДРОМЕТ" МКК СҚОФ директорының орынбасары:

- Солтүстік Қазақстан облысында 40 градустық ыстық апатты табиғи құбылыс болып саналады. Біз үшін өте сирек кездесетін жағдай. Ал маусымның 7-сінен бастап жел, жаңбыр болады. Тіпті бұршақ жаууы мүмкін.

Төтенше жағдайлар қызметі судағы қауіпсіздікпен қатар дала өртіне де алаңдаулы. Биыл облыс бойынша 60 гектарға жуық жер жанып кеткен. Ал Петропавлда мамырдың басында қамыс  тұтанып, 11 үй отқа оранды. Оның үстіне, қазір қалада терек ұлпасы бүр жарып, мамығы ұшып жатыр.  

Айдарбек Айтмұхамбетұлы, тілші:

- Ең ыстық күндер алдағы демалысқа түсейін деп тұр. Синоптиктердің болжамы бойынша сенбі, жексенбі Солтүстік Қазақстан облысы бойынша сынап бағанасы 42 градусқа дейін көтеріледі. 

Қазір Қазақстан бойынша аптап ыстық  басталады. Алдағы күндері еліміздің солтүстігімен қатар орталығында + 41, ал шығысында + 39 градусты көрсетеді. 

Айдарбек Айтмұхамбетұлы, Қуаныш Қазбеков