Теміртауда өрттен қария қайтыс болды

Теміртау қаласындағы көп қабатты үйлердің бірінде өрт шығып, 16 адам құтқарылған. Оның ішінде төртеуі кәмелет жасына жетпеген бүлдіршіндер. Қою түтін подъезді тұмшалап, қол созым жерді барлауға мүмкіндік бермепті. Сондықтан құтқарушылар тұрғындарды сатының көмегімен терезеден шығарды. Жалын толықтай сөндірілген соң төтенше жағдайлар департаменті мамандары 72 жастағы өрт шыққан пәтер иесінің өлі денесін тапқан. Қазір қарияның көз жұму себебі мен төтенше жағдайдың неден шыққандығы анықталып жатыр.

Ақтөбеде полицейлер автомобиль ұрлығын әшкереледі. 27 жастағы күдікті қаладағы жеке аулалардың бірінде тұрған жол талғамайтын көлікке мініп кеткен. Жәбірленушіден ақпарат түскен бойда облыс орталығындағы барлық тәртіп сақшылары жедел іздестіру шараларына жұмылдырылады. Көшелердегі бейнебақылау камералары арқылы жоғалған автомобильдің бағытын тез арада анықтап, шаһардың орталық көшелерінің бірінде тоқтатылды. Ол үшін полиция инспекторына ұрланған автомобильдің алдына өз көлігін кесе-көлденең қоюға тура келген.

Жангелді Мұқанов, облыстық ПД жедел басқару орталығының бастығының м. а.:

- Автокөлікті айдап әкету фактісі бойынша ҚР ҚК 200-бабы «Автокөлікті немесе өзге де көлік құралдарын ұрлау мақсатынсыз заңсыз иелену» бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды. Осы баптың санкциясы екі жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыруды көздейді.

Жамбыл облысының полицейлері бір ай ішінде 84 келі есірткі затын тәркілеген. Заңсыз айналымнан 25 келі марихуана мен 59 келі гашиш және 570 грамнан астам героин мен 10 граммға жуық синтетикалық есірткі заттары алынды. Бұл айғақ заттары арнайы орындарда жойылады. Жалпы жыл басынан өңірде заңсыз есірткі айналымына қатысты 77 қылмыстық іс тіркелген. 18 дерек заң аясында рұқсат етілмеген бұйымды саудалау болса, 6 қылмыстық іс аса ірі көлемде сақтаған күдіктілерге қатысты және шекарадан контрабандалық жолмен өткізу әрекеттері де тіркеліп отыр.