Түркістан тұрғыны жол ортасында ер адамды пышақтап кетті

Түркістан облысында ер адам көлігінде бірге отырған жолаушыны сыртқа шығарып, көшенің қақ ортасында пышақтаған, деп хабарлады ҚазАқпарат.

Оқиға наурыздың 13-іне қараған түні сағат 23:30 шамасында болған. Күдікті Кентау қаласының жергілікті тұрғыны және бұрын сотты болғаны анықталды. Ол жолаушы ретінде көлігінің артқы жағында отырған жігітті жол бойына шығарып алып, мойнынан пышақ сұққан. Жарақаттанған жігіт, ауруханада көз жұмды.

Қазіргі таңда күдікті қамауда, оған қатысты ҚР ҚК-нің 99-бабы 1-бөлігі («Адам өлтiру») бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру амалдары жүргізілуде. Түркістан облысы Полиция департаментінің Instagram-дағы ресми парақшасына Түркістан қаласының тұрғыны жүгініп, Нұрлан есімді полиция қызметкерінің батырлық әрекетіне куә болғанын, сол үшін оған алғыс айтқысы келетінін жеткізген. Анықталғандай, қала тұрғыны түнгі уақытта Түркістаннан Кентау қаласына өз көлігімен кетіп бара жатқанда жол бойында жиналып тұрған бір топ адамдарды көрген.

«Жол-көлік оқиғасы болды ма, адамдар неге жиналып тұр деп мен де тоқтап, жақындадым. Бір жігіт жолдың ортасында екінші бір жігіттің мойнына пышақ сұғып, үстіне отырып алып, жібермей тұр екен. Сол жерде тұрған басқа да куәгерлермен бірге екеуін ажыратпақ болып, жәбірленушіні құтқарғымыз келіп жақындай бергенімізде қолындағы пышағын бізге сермеп, «жақындасаңдар барлығыңды өлтіремін» деп маңына да жолатпады. Қорыққанымыздан не істерімізді білмей қалдық. Полиция мен жедел жәрдемге хабар бердік. Сол сәтте біздің жанымызға көлік келіп тоқтады да ішінен бір полиция қызметкері атып шықты. Жүгіріп барып, қылмыскердің қолынан шап беріп, пышағын алып, оның қарсыласқанына қарамастан, қолын қайырды. Осылайша, көз алдымызда біз дауаламай тұрған оқиғаны бірден тоқтатты. Сәлден соң басқа да полиция қызметкерлері мен жедел жәрдем келді. Біз бірнеше адамдар сол кезде өз-өзімізге әрең келіп, полицейдің қолын қысып, рақмет айттық», - деп жазды оқиғаға куә болған түркістандық.

Оның айтуынша, адамдар батыл полицейдің есімін ғана сұрап үлгерген.

«Осы бір оқиға көз алдымда болғандықтан полицейдің жасаған іс-әрекеті үшін оны қалай да тауып, ризашылығымды жеткізуім керек деп ойладым. Осы сәтте ҚР ІІМ-не осындай батыр полицейлерді жұмысқа алып, тәрбиелегендері үшін алғыс айтамын. Нұрлан сияқты полицейлер көп болсын», - дейді қала тұрғыны.

Осы хаттан кейін Полиция департаментінің қызметкерлері оқиға куәгеріне парақшаға қалдырған телефон нөмірі бойынша хабарласқан. Мәлім болғандай, қылмыскерді құрықтаған полицей – Кентау қалалық полиция бөлімінің учаскелік қызметкері, майор Нұрлан Әбдиев. Н.Әбдиевтің сөзінше, барлығы қас-қағым сәтте болған.