427,82 518.00 5.92
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Түркістан облысының полицейлері жоғалған қызды Алматыдан тапты

  • 127
  • UPD: 12:07, 11.06.2021
Түркістан облысының полицейлері жоғалған қызды Алматыдан тапты

Түркістан облысының полицейлері жоғалған жас қызды Алматыдан тапты, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Жетісай аудандық полиция бөліміне жергілікті тұрғын арызданды. Ол өзінің 20 жастағы жас қызы таңғы уақытта егістік алқапқа жұмыс істеуге шығып кетіп, сол кезден бері ұялы телефоны өшіріліп, екі күннен бері хабар-ошарсыз кеткенін жеткізді. Аталған жайтты тіркеуге алған жетісайлық полицейлер, жедел әрекетке көшті. Қазіргі кезде жоғалған қыздарға қатысты қоғамда түрлі бақытсыз жағдайлар орын алып жатқанын ескерген полицейлер, бір минут болсын уақыт кетірместен, жас қыздың аман-есен табылуына қажетті шараларды іске асырды. Көрген-білгендерден жауап алып, қыздың суретін көрсетіп, жақын аймақтағы полицейлерге де бағытнама берілді.

Қыздың достары мен баруы мүмкін жерлер тыңғылықты тексерілді. Қырағы полицейлердің күні-түні үзіліссіз, мұқият іздестіруі нәтижесінде қыз Алматы қаласынан табылды. Полицейлер жас қызды отбасына дін-аман қайтарды. Белгілі болғандай із-түзсіз жоғалған қыз ауылдағы табысын азсынып, Алматы қаласына жұмысқа кеткен. Онда жалдамалы пәтерге орнығып, қаладағы кафелердің біріне жұмысқа орналасқан. Ал ата-анасына айтқанмен жібермейді деген оймен хабарласпаған. Өз кезегінде қыздың анасы полицейлерге шынайы ризашылығын жеткізді. Жұмыстарына табыс тілеп, әрдайым осылай халықтың қорғаны болыңыздар деп ыстық ықыласын білдірді.

Түркістан облысы полицейлері ата-аналарға өздерінің жасөспірім балаларына қырағы болуды, олардың барар жерлері мен араласатын достарын жақын тануға шақырады. Балалар мен туған-туыстарыңыз жоғалған жағдайда, шұғыл «102» телефоны бойынша полицияның көмегіне жүгіну керек.

Хабар 24 телеарнасы