Қостанай облысында есірткі зертханасы табылды  

Қостанай облысында есірткі зертханасының қызметі тоқтатылды.

«Қарасора-2021» жедел-алдын алу іс-шарасы аясында Рудный қаласы Полиция басқармасының қызметкерлері психотроптық заттарды дайындап жүрген зертхананы анықтады. 55 жастағы тұрғын гаражды жалға алып, ойындағысын іске асырған. Ғимаратты тінту барысында жалпы салмағы 308,8 грамм «мефедрон» психотроптық ұнтағы, есірткі заттарын шығаруға арналған жабдықтар, электронды таразы, 94 жаңа zip пакеттері, этил спирті, полиэтилен пакеттері тәркіленген. Ер адамның өзімен бірге 84 мың теңге ақшалай қаражаты болған. Аталған факт бойынша ҚР ҚК 297 бабының 3-бөлігімен іс қозғалған. Қазіргі уақытта сотқа дейінгі тергеу жалғасуда.

ОРАЛДА 56 ЖАСТАҒЫ ӘЙЕЛ АДАМДЫ ЖҮК КӨЛІГІ ҚАҒЫП КЕТТІ

Оқиға бүгін сағат 11:55 шамасында Әбілқайыр хан мен Қапан Мусин көшесінің қиылысында болған. Полиция департаментінің хабарлауынша, жаяу жүргінші жолында келе жатқан тұрғынды DAF маркалы жүк көлігінің жүргізушісі басып кеткен. Екеуі де бағдаршамның жасыл түсі жанғанда жүрген. Өкінішке орай, егде тұрғын алған жарақаттарынан оқиға орнында мерт болды. Қазір тергеу жүргізілуде.

ӨСКЕМЕН ҚАЛАСЫНДА ГАЗЕЛЬ МАРКАЛЫ КӨЛІГІ ӨРТЕНДІ

Өрт сөндірушілер келген уақытта көліктің мотор бөлшектері мен ішкі салоны жанып жатқан. Құтқарушылар жалпы ауданы 4 шаршы метр өртті ауыздықтады. Әзірге қызыл жалынның неден шыққаны белгісіз. Жалпы, өңірде жыл басынан бері 80 автокөлік өртенген.

АҚТАУ ҚАЛАСЫНДА КОНТЕЙНЕР ӨРТЕНДІ 

Ақтау қаласының өндірістік аймағында иесіз контейнер өртеніп кетті. Төтенше жағдай департаментінің хабарлауынша, кешкі сағат 7-де кезекші диспетчерге қоңырау түскен. Оқиға орнына 2 автокөлік пен 10 өрт сөндіруші жіберілді. Жарты сағат ішінде олар жалпы ауданы 30 шаршы метр өртті сөндірген. Зардап шеккендер тіркелмеген. Өрттің шығу себептері анықталуда. Сондай-ақ, тағы бір ірі өрт Ақтау-Таушық тас жолында болды. Оқиға түсірілген кадрларда Газель түгел жанып, артынан жарылып кеткен. Зардап шеккендер жоқ.

АТЫРАУДА ТҰРҒЫН-ҮЙДЕН ӨРТ ШЫҚТЫ  

Атырауда «Гаухартас» тұрғын үй кешенінде болған өрттен 21 адам қауіпсіз жерге шығарылды. Оның ішінде 10-ы бала. Төтенше жағдай департаментінің хабарлауынша, Сарықамыс ықшамауданындағы тұрғын үйден өрттің шыққаны туралы хабарлама 22.19-да түскен. Өрт сөндіру бөлімі барған уақытта үйдің 1275 шаршы метр болатын шатыры мен 2-ші қабаты жанып жатқан. 3 сағат бойы құтқарушылар қызыл жалынмен күресіп, түнгі 1-де толықтай сөндірген. Тілсіз жауды ауыздықтауға 70 қызметкер мен арнайы 13 техника жұмылдырылған. Өрт салдарынан зардап шеккендер мен қаза болғандар жоқ. Тұрғындар уақытша туысқандарының үйлеріне орналасты. Өрттің себебі анықталуда.