Алматы тауларында бір адам жоғалып кетті

Іле Алатауында бір адам жоғалып кетті, деп хабарлайды «Хабар 24».

Республикалық жедел-құтқару жасағының құтқарушылары Іле Алатауының бөктерінде жоғалып кеткен қызды іздестіріп жатыр. Бұл туралы төтенше жағдайлар министрлігі хабарлады. 1980 жылы туған азаматшаның жоғалғаны туралы ақпарат бүгін таңертең түскен. Оқиға жайында қыздың анасы хабарлаған.

Анасының айтуынша, қызы 5 шілдеде үйден кеткен. Телефоны үйде қалған. Ал жоғалған адамды соңғы рет Үлкен Алматы көлінің маңында көрген. Республикалық жедел-құтқару жасағының жеке құрамның 5 адамы бар жедел топ дереу іздестіру-құтқару жұмыстарына шықты.

Құтқарушылар екі топқа бөлініп қызды іздеп жатыр. Біреуі Алматы Алагир асуына қарай бет алды. Екінші «Совет» шыңына қарай. Сондай-ақ гидробекеттің үстіндегі орман тексеріледі. Қазіргі уақытта іздестіру-құтқару жұмыстары жалғасуда.