Прокурор: Адам саудалағандар қатаң жазаға тартылуы тиіс

Бахрейн Корольдігіне қыздарды сату ісі бойынша сотталушыларға прокурор қатаң жаза қолдануды сұрады, деп хабарлайды «Хабар 24».

Айыптаушы тарап кінәлілерді 7 жылдан 16 жылға дейін бас бостандығынан айыру керек дейді. Атышулы сот процесі Шымкентте 5 ай бұрын басталған. Айыпталушы 16 адамның біразы - әйел. Барлығы трансұлттық қылмыстық топтың мүшесі болған. Іс материалдарында көрсетілгендей олар қыздарға жақсы жұмыс уәде етіп, шетел асырып, кейін жыныстық құлдыққа мәжбүрлеген. Істе кәмелетке толмағандарды қосқанда 38 жәбірленуші бар. Сот процесі Шымкенттің мамандандырылған ауданаралық қылмыстық сотында жабық түрде өтіп жатыр.

Константин Антипин, қорғаушы:

– Бүгін біздің ісіміз аяқталады. Прокурор жаза сұрайды. Ал барлық адвокаттар айыпталушыны қорғау сөзін сөйлейді. Мұнда үш айыптау бабы қаралған. Яғни 128 «Адам саудасы», 135 «Кәмелетке толмағандар саудасы» және 264 «Трансұлттық ұйымдасқан қылмыстық топ» баптары.