Алматы облысында бірнеше көлік апатынан 2 адам қаза тапты

Алматы облысында 27 қараша күні бірнеше көлік апаты болып, екі адам көз жұмды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Көлік апатының видеосын желіге куәгерлер жариялады.

«Құлжа тас жолында адамды қағып кетті. Абай болыңыздар. Адам қаққан көліктің осындай болуы үшін ол қандай жылдамдықпен жүрді екен» -, дейді видеоға түсіріп тұрған автор.

Алматы облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметі аталған оқиғаға қатысты пікір білдірді.

«Бұл факті 27 қараша күні түнгі сағат 23:00 шамасында Талғар ауданында болған. Алдын ала болжам бойынша Киа-Рио көлігінің 21 жастағы жүргізушісі «Алматы-Көкпек-Көктал» тас жолында рульге ие бола алмай, жаяу жүргіншіні қағып кетті. 52 жастағы адам оқиға орнында мерт болды» - делінген ведомствоның хабарламасында.

Қазір ҚР ҚК 345-бабы 3-бөлігіне сәйкес іс қозғалып, сараптамалар тағайындалып, сотқа дейінгі тергеу жүріп жатыр. Сонымен қатар 27 қараша күні Алматы облысында үш көлік соқтығысып, 13 жастағы бала мерт болды. Оқиға «Алматы-Көкпек-Көктал» тас жолында болған. Алдын ала болжам бойынша Kia Sportage көлігі батыс бағытпен келе жатып, бұрылыста бұрылғалы тұрған Volkswagen Golf көлігіне соғылған. Соққының салдарынан Volkswagen Golf қарсы бағытқа шығып кетіп, Toyota Ipsum көлігіне соғылған.