Қостанай облысында асхана қызметкерлерінен қауіпті инфекция анықталды

Рудныйдағы колледж асханасының үш қызметкерінен патогенді стафилококк анықталды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Таяуда Рудный тау-кен-технологиялық колледжінің студенттері тамақтан жаппай уланған еді. Сәуірдің 20-21 аралығында Жұқпалы аурулар бөліміне 14 адам түскен. Студенттер тамақтанған колледж асханасына жоспардан тыс тексеру жүргізіліп, нәтижесінде оның 3 қызметкері қауіпті инфекцияның тасымалдаушысы екені анықталды. Сондай-ақ тексеру барысында санитарлық ережелерді бұзу фактілері анықталды. Оның ішінде тамақ өнімдерінің сапасы мен қауіпсіздігін растайтын құжаттар болмаған. Сақтау шарттары мен пісіру технологиясы сақталмаған. Қазір студенттердің жағдайы жақсы, алайда дәрігерлер бақылауында.