Жетісу облысында ауылдасын өлтірмек болған күдікті ұсталды

Жетісу облысында 29 жастағы Қызылағаш ауылының тұрғынын өлтірмек болған күдікті ұсталды. Ақсу аудандық ауруханасына жеткізілген жәбірленуші оны 28 жастағы жерлесі пышақтағанын айтқан. Өзара болған кикілжіңнің ақ-қарасын ажырату үшін екеуі көлікке отырып, ауылдың шетіне бет алған. Күдікті жол үстінде ауылдасына бірнеше жерден пышақ сұққан. Жүргізуші есінен танып, автомобиль жолының жиегіне құлаған соң қылмыскер қолындағы қанжарын тастап, оқиға орнынан тұра қашқан. Алайда көп ұзамай тәртіп сақшыларының қолына түсті. Қазір тергеу амалдары жүріп жатыр.

Қызылорда облысында сора өсірген адам ұсталды 

Қызылорда облысында иен далада сора өсіріп пайдасына жаратпақ болған тұрғын ұсталды. Полицейлер Шиелі ауданының Досбол би ауылынан 15 шақырым жердегі алқапқа кезіккен. Қалың шеңгел арасында 12 түп сора өсімдігі жайқалып тұрған. Сол маңнан бұлтартпас айғақтармен жергілікті тұрғын қолға түсті. Арнайы бапталған шөптің ұзындығы 80-90 см. Күдікті тамшылатып суару технологиясын қолданған. Қазір ол уақытша ұстау изоляторына қамалып, сотқа дейінгі тергеп-тексеру әрекеттері жүргізіліп жатыр. 

Таразда көлік ұрысы ұсталды

Таразда көлік ұрлығын кәсіп еткен күдікті ұсталды. Полиция департаментіне қала тұрғынынан «ВАЗ» маркалы автокөлігінің ұрланғаны туралы арыз түскен. Тұрақтан қолды болған машинаны жедел іздестіруге кіріскен тәртіп сақшылары Байзақ ауданының 33- жастағы тұрғынын анықтады. Күдікті қала аумағында Ресейдің мемлекеттік тіркеуінде тұрған автокөліктердi түнгі мезгілде ұрлап, басқа облыс тұрғындарына арзанға сатып отырған. Тергеушілер 13 автокөліктің  ұрлағанын анықтады. Күдікті өз кінәсін мойындап, уақытша ұстау изоляторына қамалды.   

Маңғыстау облысында  екі көлік соқтығысты

Маңғыстау облысында битум тиеген жүк көлігі жүйткіп келіп, джип автомобиліне соқтығысты. Салдарынан жол талғамайтын көліктің сау-тамтығы қалмады. Абырой болғанда адамдар дін аман. Оқиға Ақтау-Жаңаөзен жолында болған. «Хово» маркалы ауыр көлік жол жиегіндегі темір қоршауларды қиратып өтіп, қарсы бетте келе жатқан автомобильге түйісті. Полицейлер әкімшілік кодекстің 610-бабы бойынша іс қозғады.