Павлодарда қызды бастан кірпішпен ұрған адам ұсталды

Өскеменде жеке үй түгі қалмай өртеніп кетті. Үйдің ішінде тұрған екі газ баллоны жарылған. Ал Түркістан облысында түн қата баса-көктеп кірген қарақшылар үй иесін жарақаттаған.

Павлодарда қыздың басынан кірпішпен ұрған жігіт қамауға алынды. Ол 27 жастағы жергілікті тұрғын болып шықты. Тергеу барысында күдікті, қыздың ұялы телефонын тартып алғысы келгенін айтқан. Естеріңізге сала кетейік, 23 тамызда Павлодар қаласының орталық полиция бөліміне 20 жастағы қыз бала бөтен ер адамнан жәбір көргенін айтып, жүгінген болатын. Ал оның соққыға жығылған сәті бейнебақылау камерасына түсіп қалған. 

Өскеменде жеке үйде өрт шығып, екі бірдей газ баллоны жарылды. Абырой болғанда адам аман. Үй тұрғындары терезеден шығып үлгерген. Ал газ баллондары өрт сөндірушілер жетем дегенше жарылып кеткен. Олардың бірі үйдің кіреберісінде болса, екіншісі шатырда жатқан. Тілсіз жау 100 шаршы метрді шарпыды. Үйдің күлі көкке ұшты. Қазір өрттің неден шыққаны анықталып жатыр.

Түркістан облысында қарулы қарақшылар ұсталды. Олар Келес ауылындағы үйлердің біріне шабуыл жасап, үй иесін атып кеткен. Оқиға түн мезгілінде болған. Өзгенің баспанасына баса-көктеп кірген екі жігіт, дыбыстан  оянған үй  қожайынына күш көрсетеді. Күйеуіне араша түспек болған әйелді көрген кезде ер адамды жарақаттап, ол жерден тайып тұрады. Жедел іздестіру шаралары барысында қарақшылар қол түсті. Олар жергілікті жұмыссыз тұрғындар болып шықты. Қазір аталған дерекке қатысты қылмыстық іс тергеліп жатыр.

Қарағанды облысында жасөспірімді соққыға жығып, тонап кеткен күдікті ұсталды. Ол арада бір апта өткенде Қостанай қаласынан табылды. 17 жастағы жасөспірім Абай қаласында өзінен екі жас кіші баланы аялдамада тұрған жерінде ұрып-соғып, құны 73 мың теңге тұратын ұялы телефонын тартып алған. Бұзақы оқиға орнынан ізін суытқанмен, полицейлер, оны көшедегі бейнебақылау камерасындағы жазба арқылы анықтап, өзінің туған жерінде бой тасалап жүрген жерінен тауып алды. Күдікті кінәсін мойындап отыр. Айтуынша, Қарағандыға барып, жұмыс таппаған соң, осындай жолмен ақша табуды көздеген. 

Қызылорда облысында жеңіл көліктің жүк салғышынан ескірткі табылды. Полицейлер оны Қызылорда-Жезқазған тас жолының 12-шақырымында анықтаған. «Хёндэ Елантра» автокөлігін тоқтатқан инспекторлар, қызметтік іздестіру итінің көмегімен көлікте есірткі бар екеніне көз жеткізеді. Облыстық полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, Нұр-Сұлтан қаласының тұрғынынан сіріңкенің 154 қорабына салынған бас-аяғы 1 келіден астам кептірілген марихуана тәркіленген. Қазір күдікті қамауда отыр. Тергеу жұмыстары жүргізілуде.