Елбасы «Nur Otan» фракциясының тиімді жұмысын қамтамасыз ететін міндеттерді атады

Бүгін «Nur Otan» партиясының Төрағасы Парламент Мәжілісіндегі партия фракциясының отырысына қатысты, деп хабарлайды «Хабар 24».

Елбасы партия фракциясының тиімді жұмысын қамтамасыз ететін негізгі деген үш міндетті атады. «Біріншіден, депутаттар Үкіметпен бірлесіп, жұртшылық тарапынан қолдау тапқан партияның сайлауалды бағдарламасының нәтижелі жүзеге асырылуын қамтамасыз етуі керек. Екіншіден, депутаттар бюджет қаражатының тиімді жұмсалуына бақылауды күшейтуге тиіс. Үшіншіден, барлық әлеуметтік топтармен кері байланысты нығайтқан абзал. «Депутаттар тұрақты түрде тұрғындармен кездесіп, азаматтарды қабылдап отыруы қажет»,- деді Елбасы.

Нұрсұлтан Назарбаев, «NUR OTAN» партиясының Төрағасы, ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасы:

- Саяси науқан мәресіне жетті. Сайлау бүкіл халықтың қатысуымен мемлекетіміздің демократиялық ұстанымдарына сай, ашық және жариялы түрде өтті.

Отырыс барысында «Nur Otan» партиясының Төрағасы VII шақырылымдағы Парламент Мәжілісіндегі партия фракциясының жетекшісі қызметіне Нұрлан Нығматулинді ұсынды. Депутаттар Елбасы ұсынысын бірауыздан қолдады. Сондай-ақ Елбасы болашақ Премьер-министрдің кандидатурасы туралы айтты.