Мәжілісте әскери полицияның өкілетін кеңейту ұсынылды

ҚР Парламенті Мәжілісінде бірнеше заң жобасының таныстырылымы өтті. Оның ішінде «Әскери полиция органдары туралы» және «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне әскери полиция органдары мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобаларының таныстырылды, деп хабарлайды «Хабар 24».

«Басты мақсаты – Қарулы күштердегі құқықтық тәртіпті нығайтуға бағытталған әскери полиция органдары қызметінің міндеттері мен өкілеттіктерін кеңейтуге байланысты заңнамалық негіздерін біріздендіру. Сондай-ақ әскери қызмет қауіпсіздігін қамтамасыз етуді ұйымдастыруға ведомстволық бақылау функцияларын бекіту көзделеді», – деді ҚР Қорғаныс министрінің орынбасары Сұлтан Камалетдинов.

Оның айтуынша, заң жобасында әскери полиция органдарының әскери қызметшілері құқықтарының көлемін кеңейту ұсынылып отыр. Атап айтсақ, әскери бөлімдер мен мекемелерде, сондай-ақ Қорғаныс министрлігінің объектілерінде әскери қызметшілер мен азаматтық персонал адамдарының жеке басын куәландыратын құжаттарын тексеруді жүзеге асыру және Мемлекеттік күзет қызметімен бірлесіп, әскерлердің қатысуымен бұқаралық іс-шараларды жүзеге асыру сынды ұсыныстар бар.