Қазақстан 30 жылда БҰҰ-ның өте беделді мүшесіне айналды – Т.Валовая

Женевада Қазақстанның БҰҰ кіруінің 30 жылдығына арналған шара өтті,  деп хабарлайды «Хабар 24».

Қазақстан Біріккен Ұлттар Ұйымының жарғысы мен халықаралық құқық қағидаттарынан айнымай, әрі қарай да дүниежүзілік ұйымның орны мен беделін нығайтуға өз үлесін қосуға ниетті. Бұл туралы Қазақстанның Біріккен Ұлттар Ұйымына кіруінің 30 жылдығын атап өту рәсімінде БҰҰ мен Женевадағы өзге халықаралық ұйымдардағы Қазақстанның тұрақты өкілі Ерлан әлімбаев мәлімдеді. Салтанатты шараға қатысушылар Қазақстанның беделді халықаралық ұйымындағы еңбегінің маңызын атап өтті. Салтанатты шараға БҰҰ мен өзге халықаралық мекемелердің жоғары лауазымды тұлғалары, қарусыздану, адам құқықтары мен халықаралық сауда салаларының сарапшылары мен дипломаттар қатысты. Барлығы Орталық Азияда ядролық қарусыз аймақ құру, Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары жөніндегі кеңесті шақырту мен оны әрі қарай ілгерлету, сонымен қоса Сирия бойынша Астана процессі аясында бейбіт келіссөздер, түрлі діндер арасында диалогты ынталандыру секілді бастамаларды БҰҰ-да алға бастау ісінде Қазақстанның маңызды рөлін атап өтті.

Татьяна Валовая, БҰҰ Женевадағы бөлімінің бас директоры:

– Ең алдымен Қазақстан халқына табыс, гүлдену мен бейбітшілік тілеймін. Осы 30 жылда Қазақстан БҰҰ-ның өте беделді мүшесіне айналды. Көпжақты ынтымақтастық, қарусыздандыру, тұрақты даму мақсаттарына зор үлесін қосты. Қазақстан алаңында көптеген процестер өткен. Оның арасында Сириядағы жағдайды реттеу де бар, оның бір бөлігі Қазақстан алаңында өткенін білеміз. Сондықтан өз ерікмен ядролық қарудан бас тартып, қарусыздандыру бағытында тиісті шаралар қабылдап жатқан мемлекет ретінде Қазақстанның рөлі өте маңызды.

Ольга Алгаерова, БҰҰ ЕЭК атқарушы хатшысы:

– БҰҰ құрамына кіруінің 30 жылдығына орай Қазақстан халқы мен билігін құттықтап, жылы лебізімді білдіргім келеді. Біз түрлі салада сіздердің министрліктеріңізбен тығыз еңбек етіп келеміз. Бұл – қоршаған орта, энергетика, көлік, сауда мен статистика. Қазақстан осы бағытта өте белсенді. Біздің Су конвенциясын жүзеге асыру және төрағалығы кезінде республикаңыз зор үлес қосты. Тұрақты дамудың құралы болумен қатар, бейбітшілік сақтау, жанжалдардың алдын алу мен адамдардың аман-саулығының құралы ретінде Орталық Азияда судың маңызы зор.

Қазақстанның халықаралық бастамаларына көрсеткен қолдауы және халықаралық сахнада еліміздің орның нығайтуға қосқан үлесі үшін ядролық қаруға тыйым салу бойынша халықаралық компанияның атқарушы директоры Беатрис Фин, Женевадағы қауіпсіздік саясаты орталығының бөлім басшысы Марк Фино және БҰҰ-ның Женевадағы бөлімінде лингвистикалық қызметінің бұрынғы басшысы Айдар Шаяхметов медальмен марапатталды.

Айдар Шаяхметов, БҰҰ Женевадағы бөлімінде лингвистикалық қызметтің бұрынғы басшысы:

– Ең алдымен менің қосқан үлесімді жоғары бағалағаны үшін мемлекетке алғысымды айтқым келеді. Бұл есімде қалған оқиға, өйткені расында да БҰҰ-дағы тұңғыш тұрақты өкіліміз Ақмарал Арыстанбекованың осы процедураны дайындап, іске асырғанына куә болдым. 1992 жылдың 2 наурызында байрағымыз көтерілгені жадымда. Сол кезден бастап, халықаралық алаңда алғашқы қадамдар жасап жатқан еліміз үлкен жол өтті. Бірінші жылдардан бастап белсенділігін танытып, бірқатар бастамалар ұсынды. Көп еңбек атқарылды, бірақ әлі де жұмыс көп. Өйткені алда тұрған міндеттер күрделене түсті.

Марк Фино, Женевадағы қауіпсіздік саясаты орталығының бөлім басшысы:

Қазақстан бірінші болып ядролық қарудан бас тартты, қарусыздандыру, халықаралық ынтымақтастық пен бейбіт өмір сүру ісіне зор үлесін қосты. Өкінішке орай, бұрынғыша өмір сүргісі келетін елдер бар екенін көріп тұрмыз. Өз еркіне көндіру үшін ядролық қаруы жоқ елдерге күш қолданып жатыр.

Сарапшылар мен дипломаттар Қазақстанның БҰҰ Қауіпсіздік кеңесінде төрағалығының қорытындылары және Адам құқықтары бойынша БҰҰ Кеңесіндегі қазіргі мүшелігінің  маңызын атап өтті. 

Авторлары: Жанат Эрнст, Жомарт Ахметов