АҚШ билігі қару саудасы ережелерін қатаңдату туралы келісімге келді

АҚШ-та сенаторлар қаруды сату ережелерін қатаңдату бойынша келісімге келді. Бұл туралы қос партия өкілдері мәлімдеді.

Енді 21-ге толмаған азаматтарға қару сатпас бұрын олардың жеке мәліметтері жіті тексеріледі. Осылайша жалған құжат арқылы қару сатып алу тәртібі жойылады. АҚШ билігінің мұндай шара қабылдауына қару қолданған қайғылы оқиғалардың жиілеп кетуі себеп. Тиісті заң жобасын өткен аптада өкілдер палатасы бекітті. Енді құжатты Сенат талқылауы тиіс.

Кристиан Хейн, Brady тобының саясат жөніндегі вице-президенті:

- Бұл заң жобасын әзірлеу барысында ауқымды ұсыныстар айтылды. Менің ойымша, заң елге көп өзгеріс әкеледі. Бұл соңғы онжылдықта жүргізілген жұмыстардың нәтижесі. Себебі біздің елде кез келген әлеуметтік өзгерістер үшін уақыт керек. Заң шығарушы жүйеміз солай құрылған.