Ресейде Петербург халықаралық экономикалық форумы басталды

Биыл ол «Жаңа әлем – жаңа мүмкіндіктер» тақырыбымен өтіп жатыр. Форумға 500-дей ресейлік компания қатысып жатыр, деп хабарлайды «Хабар 24».

Шетел делегаттарының тізімі жарияланған жоқ, алайда ресми мәлімет бойынша 69 елдің өкілі келген. Тек форумға «Талибан» қозғалысы (Қазақстанда тыйым салынған ұйым) өкілдерінің қатысуы шу туғызды. Өйткені Ресейде Талибан террорлық ұйымдардың есебінде. Алайда бұл тәліптерге мұнай, газ және астық сатып алу туралы келіссөздерге қатысуға кедергі болған жоқ.

Петербург экономикалық форумы биыл 25 жылдығын атап отыр. Ол күрделі кезеңде өтіп жатыр. Украинадағы әскери қақтығыстарға байланысты батыс елдері Ресейге қарсы санкциялар қабылдады. Шетел компаниялары өндірісін тоқтатып, елден кетті. Логистикалық тізбектер үзіліп қалды. Кейбір қатысушылар форумның биыл өтетініне күмәнмен қарағанын жасырмайды. Дегенмен шара басталды, оған келгендер дағдарыстан шығу жолдарын қарастырып жатыр. Мұндағы басты тақырып - санкциялар және импортты алмастыру. Ресей бұл тұста Еуразиялық экономикалық одақ аясындағы өндірістік кооперацияға және өзара есепте ұлттық валюталарға ауысуға үлкен үміт артып отыр.

Василий Осьмаков, РФ өнеркәсіп және сауда министрінің бірінші орынбасары: 

Осындай экономикалық бірлестіктің болуы Ресейге санкцияларды айналып өтуге мүмкіндік беріп отыр. Президенттеріңіз санкцияларды орындау қажет, деп айтқанын түсінемін. Бірақ қазір санкцияларға түскен тауар номенклатурасы соншалықты көп емес. Батыс компаниялар санкциясыз біржақты ынтымақтастығын үзіп жатыр. Бұл тұста Қазақстан өте маңызды болып отыр.  

Ресей билігі импортты алмастыру бағдарламасы аясында өз өндірісін қысқа мерзімде дамытуға тырысып келеді. Бұл бағытта Еуразиялық экономикалық одаққа мүше елдермен бірлесіп жұмыс істеуге ниетті. Биыл наурызда Ресей паралельді импортты заңдастырды. Оған сәйкес құқық иеленушілердің рұқсатынсыз елге бірқатар шетел тауарларын әкелуге болады. Осындай тауарлар қатарында автокөліктер, фармацевтикалық өнімдер мен электроника бар.

Николай Дунаев, «Сібір экспорт-импорт компаниясы» басқармасының төрағасы:

– Сұр импорт өнеркәсіптің дамуына кедергі келтіруі мүмкін деген пікір бар. Алайда форум барысында осы импорт көлемін кеңейтейік деген ұсыныс болған жоқ. Керісінше, қазір 200 түрлі тауар бойынша қандай нәтиже болатынын көріп, күзде әрі қарай іс жоспарын анықтаймыз дейді.

Форумның алғашқы күні Ресейдегі шағын және орта бизнес болашағына арналды. Ал басқосудың негізгі бағдарламасы бүгін басталады. Қатысушылар жаңа экономикалық саясат, азық-түлік қауіпсіздігі, еуразиялық интеграция және жаңа логистиканы талқылайды. 

Авторлары: Дана Нұржан, Шахзод Гамиров