Президент ресейліктерге қатысты ұстанымымен бөлісті

Іргелес елдермен тату болуымыз керек. Бұдан еш ұтылмаймыз. Түркістан облысына іс-сапармен барған Президент Қасым-Жомарт Тоқаев осылай деді, деп хабарлайды «Хабар 24».

Қорған Қонысбайұлы, тілші:

– Қасым-Жомарт Тоқаевтың Түркістанға деген ықыласы бөлек. Президент болып сайланған кезде де ең бірінші сапарын осы өлкеден бастаған. Жұртшылықпен бүгінгі кездесуінде де «Түркістанға, жалпы, осы облысқа ерекше мән беруіміз керек» деді. Былтыр қалаға Түркі әлемінің рухани астанасы деген мәртебе берілген. Мемлекет басшысы енді осы көне шаһарды еліміздің рухани астанасы қылу міндетін қойды. 

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

– Біз киелі шаһарды рухани және тарихи елордамыз десек, дұрыс пайым болатынына күмәнім жоқ. Сондықтан Үкімет таяу арада Түркістан қаласына осындай мәртебе беру мәселесіне қатысты лайықты шешім қабылдайды деп ойлаймын. Қастерлі шаһар көне заманнан бері ұлттың ұясы, қазақтың қара шаңырағы болып келеді. Түркістан осы мәртебелі міндетін қазір де абыроймен атқарып отыр. Сол себепті, мен ата жолын ұстанып, Ұлттық құрылтайдың келесі отырысын Түркістанда өткізуді ұсындым. Онда ел болашағына қатысты өзекті мәселелерді талқылаймыз.

Кездесуде Қасым-Жомарт Тоқаев халықаралық ахуал хақында да айтты. «Айналамызда ауқымды соғыс болып жатыр. Біз осыны ескере отырып, ең алдымен, еліміздің қауіпсіздігін ойлауымыз керек. Шекарамыз бүтін болса, сырттан шабуыл жасалмаса, төрт құбыламыз түгел болады. Бұл – мемлекетіміз үшін, мен үшін аса маңызды міндет әрі басты мақсат», – деді. Сосын Ресейден елімізге ағылып жатқандарға қатысты біздің ұстанымды жеткізді.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

– Қазақта «Көршімен татудың көңілі тоқ» деген сөз бар. Ең бастысы, іргелес елдермен тату болуымыз керек. Бұдан еш ұтылмаймыз. Соңғы күндері көрші елден, яғни Ресейден көптеген адам келе бастады. Көпшілігі қазіргі ахуалға байланысты амалдың жоқтығынан келіп жатыр. Оларға қамқорлық көрсетіп, қауіпсіздігіне мән беруіміз қажет. Бұл – саяси және гуманитарлық мәселе. Осы мәселені мен Үкіметке тапсырдым. Жалпы осындай күрделі жағдайда біз ең алдымен адамгершілік, сабырлық, ұйымшылдықты танытуымыз керек. Бізде ешқандай дағдарыс жоқ, дүрбелең де жоқ. Үкімет өз жұмысын атқаруы керек. Сырттан келген адамдарға көмек көрсетіледі, бірақ жеңілдіктер берілмейді. Жұмыстың бәрі заң бойынша, келісімдер бойынша жүргізіледі. Біз Ресей тарапымен келіссөздер жүргізіп, бұл түйткілді еліміздің мүддесіне сай шешеміз. Тағы да қайталап айтамын, осындай алмағайып кезеңде бізге, ең алдымен, береке-бірлік қажет.

Ресейден көптеген компания да кетіп жатқаны мәлім. Оларға барынша жағдай жасап, өзімізге тартсақ, мұның тиімділігін көреміз. Сондықтан Үкімет осы бағытта жұмыс істеп жатыр. Ресейден біздің елге көшуге ниетті компаниялар аз емес. Соның төртеуі осы Түркістанға келмек.

Қайрат Әзімов, облыстық инвестиция және экспорт басқармасының басшысы:

– Ресейден көшіп келу мүмкіндігі бар нақтырақ айтсам, 4 компаниямен сөйлесіп отырмыз. Жалпы олар 270-ке жуық компания ғой Ресейден көшуге, жаңағы көшу тізімінде тұрған деп айтайыншы.  Соның ішінде 70-ке жуығымен Қазақстан тарапы сөйлескен. Ол Қазақстан тарапы болған соң облыс көп қой. Әрқайсы өзіне отырғызғысы келеді. Бірақ бізде Түркістан облысының мүмкіндігі қай бағытта сол бағытта инвесторларды тартамыз. 4 компаниямыз бар.

Енді осы төртеуін тарқатып айтсам, Арыста үлкен депо бар. Соны Ресейден көшіп келетін шетелдік компания кеңейтпекші. Сөйтіп Арыста алдағы уақытта локомотив құрастырылуы мүмкін. Одан соң бельгиялық компания әйнек шығаратын кәсіпорын ашқысы келеді. Көшіп келетін үшінші компания  – Түркістанда сатушысыз жұмыс істейтін дүкендер желісін құруды көздеп отыр. Бұл өңірде базальттың мол қоры бар. Сондықтан көрші елден келетін шетелдік төртінші компания Түркістанда осы базальтты өндіріп, өңдейтін зауыт ашпақ. Жалпы Түркістанның өз алдына облыс болғалы қасиетті өлкеге тартылған инвестиция көлемі 8 есе артқан. Кейінгі үш жылда аймақтағы өнеркәсіп және ауыл шаруашылығы саласы бір жарым есе өскен. Облыста 64 мыңға жуық тұрақты жұмыс орны ашылды. 77 мың адамға арналған көп қабатты үйлер салынды. Шаһар жасыл-желекке оранып, экологиялық ахуалы жақсарған. Тұрғындарды ауыз сумен және табиғи газбен қамтамасыз ету мәселесі шешілді. 2019 жылдан бері облысқа 2 миллионға жуық турист келген. Мемлекет басшысы туристік әлеуетті одан әрі арттыруды тапсырды. Серивистік қызметті жетілдіру керек деді. Себебі, Түркі әлемінің бойтұмары – Түркістанға қыдырып келетіндердің қатары жыл сайын ұлғаю үстінде.