ЕҚЫҰ Сыртқы істер министрлері кеңесінің мәжілісі өтіп жатыр

Польшадағы Лодзь қаласында Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымы Сыртқы істер министрлері Кеңесінің 29-мәжілісі өтіп жатыр, деп хабарлайды «Хабар 24».  

57 ел мен ондаған халықаралық ұйым өкілдері келген форумға Қазақстан делегациясын Мұхтар Тілеуберді бастап барды. Онда өңірлік қауіпсіздік, қарулы жанжалдарды реттеу, радикализм мен экстремизммен күрес мәселелері қаралды.

Бұл Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымы тарихындағы ең ауыр жыл болды. Ұйым біріктіретін кеңістіктегі геосаяси үрдістердің ушығуы оған мүше елдер алдында жаңа міндеттер қойды.  Польшаның Лодзь қаласында өткен ұйымға мүше мемлекеттердің сыртқы істер министрлерінің жиырма тоғызыншы мәжілісінде сөз алған тұлғалардың дені осындай пікірге келді.  Ұйымның қазіргі төрағасы Збигнев Рау бұл Украинадағы әскери жанжалға байланысты болып жатқанын тура айтып, мүше елдердің түгелін Ұйым құндылықтарын ұстануға шақырды.

Збигнев Рау, ЕҚЫҰ төрағасы, Польша Сыртқы істер министрі:

- Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымы қажетті әрі тиімді қауымдастық болып тұр, бірақ қазір оның мүмкіндіктері шектеулі. Сенімнен айырылды. Сондықтан барлық мүше елдердің сенімін қалпына келтіргені маңызды болып тұр.

Жуырда ұйым отырысында дипломатиялық жанжал шықты. Польша Сыртқы істер министрлігі Ресей Сыртқы істер министрі Сергей Лавровқа елге келуге рұқсат бермей қойды. Көп жылға жалғасқан әдетті бұзып, Ұжымдық қауіпсіздік шарты ұйымын да шақырған жоқ. Ал қауымдастыққа мүше елдердің Сыртқы істер министрлері мұндай шешімдер Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымының жұмысына кедергі келтіреді деген мәлімдеме жасады.

Мұхтар Тілеуберді, ҚР Премьер-Министрінің орынбасары, ҚР Сыртқы істер министрі:

- Өздеріңіз білетіндей, бүгін Мына Ресейдің делегациясы, Сыртқы істер министрі Сергей Лавров  қатыспауда. Өйткені делегацияға бұл жергілікті өкілдері виза беруден бас тартты. Әрине бұл мәселе министрлердің деңгейінде талқылануда. Біз өз жағымыздан әрине мұндай делегацияның қатыспауы диалогқа, келіссөздерге жол ашпайды деген түсінудеміз. Өз ұстанымызды Ұжымдық қауіпсіздік шарт ұйымының сыртқы істер министрлерінің мәлімдемесінде айтқан болатынбыз.

Өз сөзінде Мұхтар Тілеуберді елде өткізіліп жатқан реформалардың барысы мен президенттік сайлау қорытындылары жөнінде баяндап берді. Ол бүкіл талас-тартысты дипломатиялық жолмен шешуге шақырды. 

Мұхтар Тілеуберді, ҚР Премьер-Министрінің орынбасары, ҚР Сыртқы істер министрі:

- Әрине, Украина мәселесі - ең маңызды, қазіргі бас тақырып табылуда. Әрине әр тараптар екіжақты келіссөздер стөл басында отыруды қалаймыз, соған шақырудамыз екі тарапты. Әрине қазірдің ұйымның жұмысында талай басқа мәселелер де болып жатыр. Мына биылғы және келесі жылғы бюджетін қабылдамауы. Оған бірнеше мемлекеттер қарсы болып отыр. Өз себептерінен сылтау жасап. Әрине ол ұйымның бас институттарына жұмыс атқаруына кері әсер тигізуде.

Мевлют Чавушоғлу, Түркия Сыртқы істер министрі:

- Дипломатияға мүмкіндік берсек, жағдайды келіссөздермен реттеуге болады. Әрине бұл Украина үшін әділ бітім болу керек. Түркия Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымын белсенді түрде қолдай береді, өйткені  осындай ауқымды өзге платформа жоқ. 

Пленарлық сессия барысында және екіжақты кездесулерде Мұхтар Тілеуберді Еуразияда жоғалған сенімді Хельсинки актісі, Париж Хартиясы және Астана декларациясына сай қалпына келтіру қажеттігін ерекше атап өтті.