Түркістанда Орталық Азия елдерінің І Парламентаралық форумына қатысушылар бас қосты

Бүгін Орталық Азия мемлекеттерінің бірінші Парламентаралық форумына қатысушылар Түркістанға жиналды. Форум Қазақстанның бастамасымен алғаш рет ұйымдастырылып отыр. Оған 5 елден делегаттар қатысады. Күн тәртібінде ортақ әр түрлі саладағы бірнеше маңызды мәселе қаралады, деп хабарлайды «Хабар 24».  

Орталық Азия мемлекеттерінің І Парламентаралық форумы осы залда өтеді. Мұнда қазір ұйымдастырушылар қонақтарды қарсы алу үшін соңғы дайындық жұмыстарын пысықтап жатыр. Барлығы өз орнында болуы тиіс. Орындық, микрофон, ілінген туларда мін болмауы керек. Ертең бұл алаңда форумның негізгі отырысы өтеді. Оған Қазақстан, Қырғызстан, Өзбекстан, Тәжікстан және Түркіменстан парламентшілері мен сарапшылары қатысады. Олар бұрын да кездескен, бірақ басқа форматта. Ұйымдастырушылардың айтуынша, бұл жолы көтерілетін мәселе өзгеше болмақ.

Максим Споткай, ҚР Парламенті Сенатының аппарат жетекшісі:

- Орта Азия елдері үшін өзекті мәселелер аз емес. Шынымен де су, әлеуметтік мәселелер бар. Саяси-экономикалық басқа да мәселелер. Дегенмен оларды шешу үшін тек Үкімет, болмаса мемлекет басшылары ғана, қоғам ғана емес, депутаттар да бірге жұмыс істеуге дайын екенін көріп отырмыз.

Орталық Азия елдерінің татулығы – өңірдің дамуының кепілі. Түркістан қаласында өтетін форум депутаттар арасындағы байланысты арттырып, елдердің саяси-экономикалық әріптестігін нығайтады. Саясаттанушы Әділ Кәукенов осындай пікірде. Әлемдегі геосаяси қақтығыстар қарқын алған уақытта көршілес елдердің бірлігі өте маңызды. Сарапшының айтуынша, Өзбекстан мен Қазақстан ұстанымы Орталық Азияның өзге елдері үшін достықтың үлгісін көрсетіп отыр.

Әділ Кәукенов, саясаттанушы:

- Мұндай форумдар барлық елдің келісімімен ұйымдастырылады. Бұл бірлікті көрсетеді. Парламент заң шығарушы орган болғандықтан, заң аясындағы байланыс, достықтың артуына әсер етеді. Өйткені өткен жылы мемлекет басшылары осындай келісімге келген. Соның нәтижесінде мұндай форумның ұйымдастырылуы үлкен қадам.

Форум қорытындысы бойынша ең маңызды құжат – Түркістан декларациясы қабылданады. Сарапшылар декларация алдағы кезеңде Орталық Азия елдерінің парламентаралық ынтымақтастығы үшін берік негіз болатынын айтады. Бұндай форум алдағы уақытта көрші елдердің барлығында өтеді деп жоспарланып отыр.

Айта кетейік, алқалы жиын  Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың өткен жылғы шілдеде Орталық Азия мемлекеттері басшыларының IV Консультативтік кездесуінде айтқан бастамасына орай ұйымдастырылып отыр.

Авторлары: Жандос Жұмабек, Ерболат Әбіш.