Елімізде хоккейден ішкі біріншілік жалғасып жатыр

Қазақстандық су добы шеберлері лицензиялық жарыс алдындағы соңғы дайындықты пысықтап жатыр, деп хабарлайды «Хабар 24».

Ертең Италияда халықаралық турнир басталады. Байрақты бәсекеде Олимпиада жолдамасы сарапқа салынады. Ұлттық құрама алғашқы күні Грекия, одан кейін Мажарстан және Израиль командаларымен кездеседі.

Өскемендік «Торпедо» кезекті кездесуде де жеңіске жетіп, басқа командалардан ұпай айырмасын ұлғайтты. Елімізде хоккейден ішкі біріншілік жалғасып жатыр. 33-ші тур аясында өскемендік клуб көкшетаудың «Арланымен» жолыққан еді. Матч 3:1 есебімен аяқталды. Нәтижесінде «Торпедо» 82 ұпаймен турнир тізіміндегі бірінші орнын сақтап қалды. Одан кейінгі тұрған «Номад» бұл жолы «Құлагер» хоккей клубынан 4:0 есебімен басым түсті. Елордалық клуб еншісінде 77 ұпай бар. Ал, чемпионатты сәтсіз бастаған «Сарыарқа» қазір тізімнің үздік үштігін түйіндеп тұр. Қарағандылық клуб соңғы турда атыраулық командаға есе жіберді.

Айта кетейік, қалыптасқан жағдайға байланысты биылғы чемпионат бір кезеңнен ғана тұрады. Яғни, жарысқа қатысып жатқан 13 команда осы аралықта 52 матчтан өткізіп үлгеруі керек.

***

«Астана» өз рекордын қайталады

Ал, баскетболдан ел чемпионатында «Астана» қарсылас шақ келтірер емес. Елордалық клуб соңғы турда «Тобыл» командасымен жолыққан. Қостанай қаласында өткен кездесу 82:110 есебімен аяқталды. Эмиль Райкович баптайтын жігіттер ойын басынан басымдықты қолына алып, нәтижені рекордтық көрсеткішке дейін жеткізді. Яғни, осыдан бірер бұрын да «астаналықтар» 110 ұпаймен жеңіске жеткен еді. Қызығы сол, Қостанайда өткен кездесуде елордалық емес, жергіліктікті клуб өкілі ең нәтижелі ойыншы атанды. Антон Быков 40 минут өнер көрсетіп, 26 ұпай жинаған. Осылайша, «Астана» 24 ұпаймен турнир тізімінің басында тұр. Алдыңғы үштікті атыраулық «Барыстар» мен алматылық «Легион» түйіндеп тұр. Ал, «Тобыл» әзірге 5-ші сатыда.

***

Теннисшілердің рейтингі жаңартылды

Қазақстандық Александр Булик ең үздік 45 теннисшінің қатарына қосылды. Кәсіпқой теннисшілер қауымдастығы әлемдік рейтингті жаңартқан болатын. Нәтижесінде жерлесіміз 50-ші сатыдан 45-ші сатыға көтерілді. Оған жуырда Түркияда өткен турнирдің қорытындысы әсер етті. Александр Булик финалға дейін жеткен болатын. 23 жастағы жерлесіміз үшін 45-ші орын өзіндік рекорд болып табылады. Қазір ол еліміздегі нөмірі бірінші теннисші. Қазақстандық басқа жігіттер, яғни, Михаил Кукушкин 89-шы, Дмитрий Попко 165-ші орнын сақтап қалды. Ал, әлемдік рейтінгтің көш басына сербиялық Новак Джокович жайғасты. Испаниялық Рафаэль Надаль екінші, аустриялық Доминик Тим үшінші орында келеді.

Сондай-ақ...