Токио олимпиадасы: Қазақстан құрамасының спорттық формасы таныстырылды

Қазақстанның Ұлттық олимпиадалық комитеті Токиода өтетін жазғы Олимпиада ойындарында Қазақстанның олимпиадалық құрамасының формасын таныстырды.

Отандық олимпиадашылар Олимпиада ойындарына қазақстандық және шетелдік мамандар арнайы дайындаған киіммен аттанады. «Salta» брендімен танымал Салтанат Баймұхамедова олимпиадалық киімнің салтанатты формасының дизайнері болды. Қазақстандық спортшыларға арналған спорттық форманы испандық Joma компаниясы жасады.

Токиоға арналған жиынтықты дайындауда спортшыларға дизайн, маталар мен тігін бұйымдары бойынша шешуші таңдау берілді. Осы жылдың қаңтар айынан бастап еліміздің жетекші спортшылары олимпиадалық киімді таңдауға арналған сауалнамалар, презентациялар мен кездесулерге қатысты.

«Олимпиадалық форма қандай болатынын таңдамас бұрын, спортшылардың өздерінен пікір сұрады. Біз маталарды таңдауға қатысып, эскиздерді талқыладық, ұсыныстар жасадық. Олимпиада ойындарында сыртқы келбет қана емес, сонымен қатар форманың да маңызы да зор», – дейді Елдос Сметов.

«Спортшылар үшін ең алдымен сапа мен жайлылық маңызды, өйткені бұл біздің келесі дайындық және жұмыс апталарына арналған киімдеріміз. Біз үшін маңызды факторлар өте көп. Бәрінен бұрын оның нақтылығы, дәлділігі, жинақтылығы маңызды. Спортшылардың киімдерін арнайы күтініп қарауына уақыттары болмайды. Көп уақыт жолда өткізетін болғандықтан оңай кірленбейтін, мыжылмайтын киім үлгісінің болғаны жақсы. Себебі сапалы матадан тігілген киімдер киюге және еркін қозғалуға ыңғайлы. Біз өткен олимпиадаларға қатысу тәжірибемізді ескере отырып, өз ұсыныстарымызды жібердік. Біз барлық тілектеріміздің орындалғанына өте қуаныштымыз», – дейді Олимпиада чемпионы Дмитрий Баландин.

Олимпиадалық киімге кэжуал стилі таңдалған.

«Дизайнер коллекцияның ыңғайлылығына, беріктігіне, шыдамдылығына кепілдік береді, сонымен қатар бұл киімдерге күтім жасау оңай және мыжылмайды», – деп атап өтті Олимпиада формасының дизайнері Салтанат Баймұхамедова.

Парадтық форманы спортшылар Олимпиада ойындарының ашылу салтанаты және басқа да іс-шаралар кезінде киеді. Киім формасының тұжырымдамасы біздің қазіргі заманғы мәдени үйлесімді көрсетеді.

Спорттық киімнің өндірушісі, испандық Joma бренді спорттық жабдықтарды жеткізушілер арасында кең танымал. Компания нарықта 55 жылдық тарихы бар және 120 елге өнім жеткізеді. 2016 жылғы Рио олимпиадасында Joma Олимпиадаға қатысушылардың 10% киіндірген. Компания мәліметінше, Токиода олардың саны 15% дейін өседі.

Маталарды таңдағанда жылдың осы уақытындағы Жапонияның климаттық ерекшеліктері де ескерілген. Олимпиаданың киімдері ауа өткізгіш, ылғалды сіңіреді, тез кебеді және аллергия тудырмайды. Жинақ қазақстандық олимпиадалық спорт түрлерінің бүкіл әлемге жолдауы ретінде жасалған. Көйлек формасының негізгі түстері көк, көгілдір және ақ түсті. Бұл палитра киім және аксессуарлар өндірушілерінің сән үрдістерін зерттейтін Next Look халықаралық зерттеу компаниясының ұсынысы бойынша таңдалған.

Спортшылар Токиоға 16 шілдеде ұшады. Олимпиада алдында ұлттық құрама Олимпиада базаларында екі апталық карантинде болады.

Токиоға елімізден 95 спортшы аттанады. Ал ту ұстау мәртебесі боксшы Қамшыбек Қоңқабаев пен жеңіл атлет Ольга Рыпаковаға бұйырды.