Токио-2020: Қазақстан құрамасында қос қола

Қазақстан құрамасы үшін Токио олимпиадасы табысты басталды.

Кеше дзюдоның отаны жапон елінде Елдос Сметов олжа салса, бүгін Ильиннің ізін басып, Игорь Сон қола медаль алды. Татамиден басталған жеңісті жолды боксшыларымыз жалғастырса игі. Үміт те осында.

Бүгін Токио төрінде 14 спортшымыз жарыс жолына шықты. Дзюдошы Ерлан Серікжанов бәсекені сәтті бастаған еді. Алайда екінші айналымда италиялық палуанға есе жіберіп, жүлдеге іліге алмады. Шпагамен семсерлесуден Қазақстан құрамасының мүшесі Руслан Құрбанов та бірінші бәсекені жеңіспен бастады. Дегенмен, келесі кезеңде ұтылып қалды. Ал теннисші Михаил Кукушкин жанкүйерлерін қуантты. Аргентина елінің спортшысы Федерико Кориден екі сетте де басым түсті. Теннисші қыздарымыз болса, жарысты жалғастыра алмады. Зарина Диаспен бірге, Ярослава Шведова және Юлия Путинцева матчты орта тұстан тоқтатып, олимпиада ойындарын аяқтады.

Михаил Кукушкин, теннистен Қазақстан құрамасының мүшесі:

– Бүгінгі күн өте ыстық болды. Ойнау оңай болмады. Бұл олимпиада ойындары екенін білемін. Осындай мәртебелі жарыста елімнің атынан шығып отырмын. Сондықтан жеңіске жетуге тырыстым. Енді келесі қарсыласыма дайындаламын. Ол өте мықты. Жеңіске жетіп, турнирлік кестенің тағы бір сатысына өтуге тырысамын.

Қалған спортшылар ішінде тек Кирилл Герасименко, Зәкір Сафиулин және Игорь Сон қуантты. Үстел тенисінен сынға түсіп жатқан Кирил спортшысын жеңіп, үшінші кезеңге өтті. Ал Игорь ел қоржынына екінші қола жүлдені салды. 61 келідегі ауыр атлеттер бәсекесіне тоғыз спортшы қатысты. Екеуі жарысты ерте аяқтап, сайыстан сырт қалды. Таңдаулы жетілік арасында Қытай мен Индонезия атлеттерінің шоқтығы биік екені белгілі еді. Ал, қола медальдан Соннан бөлек, Сауд Арабиясы, Жапония және Грузия атлеті үмітті еді. Алайда шешуші сында олардың жүйкесі сыр беріп, қажетті салмақты бағындыра алмады. Игорь Сон жұлқа көтеруде алдымен 126 келіден бастады. Сосын 131 келіні ырқына көндірді. Бұл жаттығудағы соңғы мүмкіндігінде 134 келіні көтере алмады. Алайда осы нәтиженің өзі жүлдеге таласуға жеткілікті еді.

Медальға талас екінші кезеңде өтетіні белгілі. Серпе көтеруде Қытайлық Ли Фабин мен Индонезиялық Эко Юли Иреван өзара бас жүлдені сарапқа салуға ниет білдірді. Ал, Игорь саналы түрде қолаға көз тікті. Алдымен 156 келіні бағындырып, қарсыластарының аяқ алысын байқады. Алайда грузин мен италия жігіті қажетті салмақты көтере алмай жүлдеден шығып қалды. Енді Сауд Арабиясының спортшысы үшінші орыннан дәмелі екенін байқатты. Жапон атлеті де соңына дейін сайысқа түсті. Игорь Сон 162 келіні бағындыра алмағанда қолда тұрған қола медаль сусып кеткендей көрінген. Бірақ Қазақстандық зілтемірші соңғы сәтте 163 келіні көтеріп, жүлдеге тапсырыс беріп қойды. Ал, араб жігіті 166 келіні екі мүмкіндігінде де бағындыра алмады. Игорь Сон олимпиаданың қола жүлдегері атанды!

61 келідегі олимпиада алтынын Қытайлық Ли Фабин иеленді. Жұлқа көтеруде 141 келіні бағындырған ол, серпе көтеруде олимпиада рекордың жаңартты. Бұл жаттығуда 172 келіні басынан асыра көтерді. Қоссайыста 313 ұпай еншілеген Ли Фабин олимпиада рекордына түзету енгізді. Күміс Индонезиялық Эко Юли Иреванға бұйырды. Ол жұлқа көтеруде 137, ал серпе көтеруде 165 келімен тоқтады. Қоссайыста 302 ұпай еншіледі. 294 ұпайы бар Игор Сон үздік үшікті түйіндеді.

Игорь Сон, Токио олимпиадасының қола жүлдегері:

Барша Қазақстан жанкүйерлеріне алғысымды білдіремін. Маған қолдау көрсеткендеріңізге рақмет. Алға, Қазақстан!

Боксшы Зәкір Сафиулин іріктеу аясында Перу елінің өкілі Леодан Песо Сабойядан басым түсті. Үш раунда да отандасымыз қарсыласын аяған жоқ. Нәтижесінде төрешілер Зәкірді жарыс жолын жалғастыруға лайық деп таныды.

Айта кетейік, кеше тағы бір отандасымыз Серік Теміржанов венгриялық боксшыны ұтқан еді. Токио олимпиадасында қазақстандық былғары қолғап шеберлері барлық салмақта өнер көрсетеді.

Авторы: Рауан Мыңбаев