Паралимпиада 2020: Бибарыс Спатай үздік үштіктен көріне алмады

Бибарыс Спатай 4-сатыға тұрақтады. Токио төрінде кезекті жарыс күні өтіп жатыр, деп хабарлайды «Хабар 24».

Жерлестеріміз арасынан параканоэшы Бибарыс Спатай финалға шыққан еді, бірақ үздік үштіктен көріне алмады. Айта кетейік, ол Қазақстан атынан алғаш рет параканоэдан Паралимпиада ойындарына қатысты. Бұған қоса, паратаэквондошы Кәмила Досмалова алғашқы кездесуінде есе жіберіп, жарыс жолынан шығып қалды. Қалған қазақстандық спортшылар бәсекеге енді араласады.

Әлем чемпионаты басталды

Қарағандыда өрт сөндіру-құтқару спорты бойынша әлем чемпионаты басталды. Осымен 16-шы рет жалауын көтерген жарысқа 10 мемлекеттен 14 команда қатысып жатыр. Тағы 6 мемлекеттен делегаттар бар. Санитарлық талаптар қатаң. Спортшылар түгелдей ПТР тест тапсырды. Жарысқа көрермендер кіргізілмейді. Енді алдағы 4 күн бойы ерлер мен әйелдер командалары мұнараға сатымен көтерілу, кедергілерден жүгіріп өту және өртті тез сөндіру секілді бағыттар бойынша сынға түседі. Алғашқы күннің нәтижесі бойынша әзірге Ресей мен Беларусь алда келеді. Басты мақсат – мемлекеттер арасындағы ынтымақтастықты нығайту әрі спорттың бұл түрін олимпиада деңгейіне шығару дейді ұйымдастырушылар.

Дәурен Данаев, ҚР өрт сөндірушілер мен құтқарушылар спорт федерациясының атқарушы директоры:

– Чемпионаттағы командаларды, әлем чемпионаттарын көбейтіп, континенттердің барлығы қосылғаннан кейін Олимпиадаға шығару – мақсаты. Қазір бізде 25 мемлекет мына халықаралық ұйымға кіреді. Олимпиадаға өту үшін үш континенттен төмен болмау керек. Қазір бізде Азия, Еуропа, Африка бар. Сосын 40 мемлекет болу керек.

Жүгіруден онлайн жарыс

Елордада жүгіруден онлайн жарыс өтіп жатыр. Мұндай форматтағы дода өткен жылы коронавирусқа қатысты жағдай ушыққанда қолға алынған. Ал қазір дәстүрлі бәсекелердің біріне айналды. Оның аясында қатысушылар 5 жас деңгейі бойынша сынға түседі. Бүгінде дейін 200-ге жуық адам бағын сынап көрді. Барлық қатысушы алдымен Триатлон паркке келіп тіркелуі тиіс. Одан кейін осы жерде жеке-жеке жүгіреді. Ал көрсеткіш арнайы мобильді қосымша арқылы алынады. Жарыс қыркүйектің 6-сына дейін жалғасады. Егер карантиндік талаптар жеңілдетілсе, бұқаралық жүгірістер де өткізуге дайынбыз дейді ұйымдастырушылар.

Велокөпкүндіктің кезекті кезеңі

Бірер күннен кейін «Вуельта Испания» жарысы аяқталады. Спортшылар бүгінге дейін 18 кезеңді артта қалдырды. Соңғысы 162 шақырымға созылды. Оны ең бірінші боп колумбиялық Мигель Анхель Лопес бағындырды. Өкіншіке қарай «Астана» шабандоздары үздіктер қатарынан табылмады. Ең тәуір көрсеткіш Ион Иссагриде. Ол мәре сызығын 38-ші болып кесті. Ал Александр Власов 92-орында. Қазақстандық клубтың негізгі үміті күні кеше жарыс жолында құлап, жарақат алған болатын. Салдарынан қазір жалпы есептегі жағдайын одан сайын нашарлаптып, 19-сатыдан 25-ке түсті. Алда енді 3 кезең бар. Жарыстың жалпы қорытындысы 5 қыркүйекте белгілі болады.

Келесі кездесуге дайындық

Ұлттық құрама Хельсинки қаласына жетіп, кезекті кездесуге дайындықты бастады. Футболдан әлем чемпионатына іріктеу аясында жерлестеріміз жергілікті командамен жолығады. Қазақстан мен Финляндия арасындағы матч ертең өтеді. Оған ұлттық құраманың үздіктері Бахтиёр Зайнутдинов пен Азат Нұрғалиев қатыспайды. Визаны рәсімдеп үлгермеген. Ал қақпашы Стас Покатилов ескерту қағазының көптігінен жасыл алаңға шықпайды. Айта кетейік, Қазақстан құрамасы күні кеше украиналықтармен тең түсті. Осылайша 3 мачтан кейін 2 ұпаймен «Д» тобының 5-сатысында тұр. Финляндия үшінші орында. Бірақ олар бір ойын кем өткізді. Іріктеу сындары қараша айына дейін жалғасады.