Astana Open ATP турнирінде қазақстандықтардың қарсыластары анықталды

Astana Open ATP 250 турнирінде қазақстандық теннисшілердің қарсыластары анықталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Қазақстан теннис федерациясы мәліметінше, осы жарыстың 2-ракеткасы болып тіркелген Александр Бублик доданы екінші айналымнан бастайды.

Турнирдің бірінші ракеткасы болып тіркелген ресейлік Аслан Карацев, сондай-ақ сербиялықтар Душан Лайович пен Филип Крайинович те бірден екінші айналымнан қосылады.

Еліміздің бірінші, әлемнің 34-ракеткасы А.Бублик екінші айналымда испаниялық Фернандо Вердаско немесе сербиялық Миомир Кецмановичтің біреуімен кездеседі.

Михаил Кукушкин австралиялық Джеймс Даквортпен кортқа шығады.

Astana Open ATP 250 турнирінің өткен жылғы чемпионы, австралиялық Джон Миллман іріктеу сайысы жеңімпаздарының бірімен шеберлік байқасады.

Қазақстан чемпионы атанып, жарысқа арнайы шақырту алған Тимофей Скатов италиялық Андеас Сеппидің шамасын байқап көреді. Сонымен қатар басқа да қазақстандықтар негізгі турнирге қатысудан үмітті. Бұл үшін 19 қыркүйек күні басталатын іріктеу сайыстарынан сәтті өтуі керек. Денис Евсеев бастапқы кездесуін украиналық Илья Марченкомен, Григорий Ломакин швециялық Элиас Имермен өткізеді.

Жүлде қоры 480 мың АҚШ долларына бағаланған Astana Open ATP 250 додасы 26 қыркүйекте мәреге жетеді.