Отандық футзал тарихын жаңарта аламыз – Леонардо Игита

Тарихи жеңіс. Қазақстандық футзал шеберлері алғаш рет әлем чемпионатының жартылай финалына шықты. Дүниежізілік дода дәл қазір Литвада өтіп жатыр. Рикардо Кака баптайтын жігіттер бұл жолы Иран командасын ұтты. 

ҰЛТТЫҚ ҚҰРАМАНЫҢ ТАРИХИ ЖЕҢІСІ

Алғашқы гол 8-ші минутта соғылды. Иран сапындағы Мослем Оладгобад мергендігімен көзге түсті. Артынша оның командаласы есепті еселеді және бұл нәтиже бірінші кезең бойы сақталды. Рикардо Кака баптайтын жігіттер қанша тырысқанымен, қарымта доп соғу қиын болды. Тек 25 минутта ғана Дәурен Тұрсағұловтың тепкісі қақпашының қолына тиіп, голға айналды. Осылайша есеп айырмасы сәл қысқарды. Одан кейін қазақстандық Арнольд Кнауб мүмкіндікті мүлт жібермеді.

Ал шешугі гол ең соңғы минутта соғылды. Ұлттық құрама сапындағы Рего Тайнан қорытынды нәтижені 3:2-ге жеткізді.

Леонардо Игита, ұлттық құрама мүшесі:

– Біз жартылай финалға шықтық. Яғни, әлемнің ең үздік төрт командасының қатарыно қосылдық. Өте қуаныштымын. Эмоциямды жеткізе алмаймын. Қолдау танытқан қазақ еліне алғыс айтамын. Енді осы жерден тоқтап қалмауымыз қажет. Ары қарай да отандық футзал тарихын жаңарта аламыз. Алға, Қазақстан!

Қазақстан құрамасы енді Португалия жігіттерімен жолығады. Соңғысы ширек финалда Испания командасымен кездесіп, 4:2 есебімен жеңді. Енді финалдың жолдамасын сарапқа салады. Бұл матч 30-шы қыркүйекте өтеді. Оған паралель финалдың екінші  жолдамасына Бразилия мен Аргентина таласады. Әлем чемпионатының жалпы қорытындысы 3-шы қазан белгілі болады.

Рикардо Кака, ұлттық құраманың бас бапкері:

– Осындай футболшылармен әлі алысқа шаба аламыз. Алаңдағы тартысты көрдіңіздер. Жігіттер соңына дейін ойнады. Намысты қолдан бермеді. Ел абыройын асқақтатты. Біз осыны бағалауымыз қажет. Мен қазақ болсам, ұлттық құрамадағы әр ойыншымен мақтанар едім.

Мемлекет басшысы Қазақстан құрамасын жартылай финалға шығуымен құттықтады

«БАРЫС» ЖЕҢІСКЕ ЖЕТТІ

Ал елордада хоккейден аса тартысты кездесу өтті. Құрлықтық Лига аясында жергілікті «Барыс» «Автомобилист» командасын қабылдаған. Ойында 9 гол соғылды. Ең бірінші боп алаң иелері сапындағы Даррен Диц мергендігімен көзге түсті. Бұған қоса, «Барыстағы» Егор Петухов, Никита Михайлис және Джо Морроулар да бір-бір голдың авторы атанды. Ал қонақтар кездесу соңына дейін есепті теңестіріп үлгерді. Осылайша негізгі уақыт 4:4 нәтижесімен аяқталған. Қосымша уақытта Якоб Лилья мүмкіндігін мүлт жібермей, өз командасына жеңіс сыйлады.

Сонымен Юрий Михаилис баптайтын жігіттер қатарынан екінші кездесу жеңіске жетті. Соның арқасында 10 ұпаймен Шығыс Конференциясының 8-ші сатысында тұр. Енді қазақстандық клуб сырт алаңда «Металлург» хоккей клубымен жолығады. Матч ертең Магнитогорск қаласында өтеді.

РЕСПУБЛИКАЛЫҚ СПАРТАКИАДА БАСТАЛДЫ

Мүмкіндігі шектеулі спортшылар елордада бас қосты. Олар республикалық спартакиада аясында 14 бағыт бойынша сынға түседі. Бұл жолғы бәсекеге 1700 қатысушы келді. Айта кетейік, бұл ұзақ үзілістен кейінгі ең ауқымды шаралардың бірі.

Жарыстың ашылу салтанатында Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлова қатысып, паралимпиадада топ жарған жерлестерімізге арнайы төсбелгі табыстады. Спартакиаданың алғашқы күні парадзюдо, паратаэквондо және нысана көздеу  бойынша жарыстар басталды. Бұған қоса, жеңіл атлетика мен жүзу шеберлерінің іріктеулері өтті. Елордадағы спорттық сайы 5 қазанға дейін жалғасады.