Елена Рыбакина елордада шеберлік сағатын өткізді

Елена Рыбакина елордалық балалармен кездесіп, шеберлік сағатын өткізді.

Ұлттық құраманың үздігі астанымызда бірер күн ғана болды. Соның барысында «10 жасқа дейінгі теннис» бағдарламасына қолдау танытып, жас теннисшілерімен шеберлік бөлісті. Бұған қоса, тілшілермен жолығып, еркін форматта сұхбат құрды.

Айта кетейік, Рыбакина жуырда ғана рекорд жаңартты. Ол Халықаралық әйелдер теннисі қауымдастығы жаңартылған рейтингінде 14-ші сатыға көтерілді. Яғни, Рыбакина әлемнің үздік 15 теннисшісі қатарында деген сөз. Айта кету керек, қазақстандық теннисшілер бұндай жетістікке алғаш рет жетіп тұр. Бұған дейінгі ең тәуір көрсеткіш 16-шы орын болатын. Қазір Елена Рыбакина еншісінде 2855 ұпай бар. 

Елена Рыбакина, ұлттық құрама мүшесі:

–Кәсіпқой теннисте жарыс кестесі тығыз. Сондықтан туыстарыммен және достарыммен өте сирек кездесемін. Мәселен, осы жолы араға 6 ай салып үйге оралып тұрмын. Әсіресе, бүлдіршіндермен жолығып, өз білген-түйгенімді үйреткеніме қуаныштымын. Олар үшін де бұл кездесудің маңызы ерекше екені анық. Араларынан болашақта әлем чемпиондары шығады деген үміттемін.