Бейжің 2022: команда мүшесінен коронавирус анықталған құрамалар ойыннан шеттетілмейді

Бейжің Олимпиадасында команда мүшелері коронавирус жұқтырған жағдайда, құрамалар Олимпиададан аластатылмайды. Бұл туралы Халықаралық Олимпиадалық комитет мәлімдеді. 

Егер Олимпиада кезінде спортшыдан коронавирус табылса, ол ауруханада немесе изоляторда оқшауланады. Олимпиада кезінде оқшаулағыштан шығу үшін 24 сағат көлемінде коронавирусқа тапсырылған екі тест теріс нәтиже көрсетуі керек. Сондай-ақ, үш күн қатарынан дене температуасы қалыпты жағдайда болып, коронавирус белгілері байқалмауы тиіс. 

Осы орайда, коронавирус жұқтырған адаммен байланыста болған команданың өзге мүшелері ковид хаттамаларын сақтау арқылы жарысты жалғастыра береді. 

Науқаспен жақын байланыста болғандар коронавирусқа тест тапсырып, нәтижесі теріс шыққан жағдайда карантин шараларын сақтап, үнемі бетперде тағып, тамақты жалғыз өзі ішіп, өзгелерден 2 метр алшақ жүреді. Сонымен қатар, күніне үш рет дене қызуын өлшеп, жарыс басталуына 12 және 6 сағат қалғанда ПТР тест тапсырады.