Тель-Авивтегі дзюдо: Қазақстан қоржынына тағы бір медаль түсті

Тель-Авивте дзюдодан өтіп жатқан әлемдік «Grand Slam» турнирінде Жансай Смағұлов жүлдегер атанды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Жарыстың екінші күні 73 кг салмақта татамиге шыққан Жансай Смағұлов олжалы болды. Ол дода барысында әуелі грузиялық Георгий Чикхелидзені ұтты. Содан кейін италиялық Джованни Эспоситодан басым түсті. Тек жартылай финалда өзбекстандық Обидхон Номоновқа есе жіберді. Қола жүлде үшін бәсекеде Жансай германиялық Игорь Виндткеден айласын асырды. Осылайша Қазақстан қоржынына тағы бір медаль түсті. Еске сала кетейік, бұдан бұрын Бауыржан Нарбаевтың күміс жүлдегер атанғанын жазған болатынбыз. Сондай-ақ кеше Мағжан Шамшадин үздік үштікке ілікті.

Еске сала кетейік, бұған дейін Тель-Авивте дзюдодан әлемдік турнирге кімдер шығатынын жазған болатынбыз.