Теннистен Дэвис кубогы: Қазақстан - Норвегия матчында кімдердің ойнайтыны анықталды

Осло қаласында 4-5 наурызда өтетін Дэвис кубогы іріктеу матчында кімдердің ойнайтыны белгілі болды. Бұл туралы баспасөз мәслихатында айтылды, деп хабарлайды Olympic.kz.

Аталмыш матчта еліміздің намысын Александр Бублик, Михаил Кукушкин, Андрей Голубев, Александр Недовесов және Дмитрий Попко қорғайды. Норвегия тарапынан Каспер Рууд, Виктор Дурасович, Лукас Хеллум Лилленген, Герман Хойерал және Симен Сунде Братхольм матчқа дайын.

Қазақстан құрамасының капитаны Юрий Щукин қарсыласты бағалау керектігін жеткізді.

«Норвегия теннисшілері рейтингте төмен тұрғанына қарамастан, құрамы осал емес. Екі күнге жоғары деңгейдегі бес ойын белгіленген. Сондықтан біз бәріне әзір болуымыз керек», деді Ю.Щукин.

«Қазақстандықтардың тәжірибесі мол. Ал Норвегия құрамасында барлығы жастар, күш-жігері жеткілікті. Біз соны пайдаланғымыз келеді», Норвегия құрамасының капитаны Андерс Хосет.