Бензема 16 жыл бұрынғы антирекордты қайталады

«Реал Мадрид» Испания чемпионатының 33-туры аясында «Осасунаны» 3:1 есебімен жеңді, деп жазады Prosports.kz.

«Реал» 33 матчтан кейін 78 ұпай жинап, турнир кестесінде жеке дара көш бастап келеді. Чемпионат аяқталуға аз қалды, басты бәсекелестері «Атлетико» (61 ұпай), «Барселона» (60) және «Севильядан» (60) барынша ұзап кеткен мадридтік клуб 35-мәрте Ла лига чемпионы атануға өте жақын.

Бұл ойында «Реал» сапынан Алаба, Асесио және Васкес гол соқты. Одан бөлек Карим Бензема екі мәрте пенальтиден мүлт кетті. Ол 52 және 59-минутта 11 метрлік айып добын сәтсіз орындады. Екеуін де «Осасуна» қақпашысы Серхио Эррера қайтарды.

Осылайша франциялық шабуылшы Ла лигада 16 жыл бұрын тіркелген антирекордты қайталады. ХХІ ғасырда Испания чемпионатында 3 футболшы ғана бір матчта екі рет пенальтиден гол соға алмаған. Соңғысы – Рауль Тамудо (2005-06 жылғы маусым).

Сонымен қатар Бензема биылғы маусымда 4 рет пенальти соға алмады. Бұл да көп жылдан бері қайталанбаған антирекорд. Бұған дейін 2006-07 жылғы маусымда Фернандо Торрес бір маусымда 4 мәрте пенальтиден мүлт кеткен.