Ұлттар лигасы: Қазақстан – Словакия – 2:1

Қазақстан футболшылары талайларды таң қалдырып, Ұлттар лигасындағы кезекті жеңісіне қол жеткізді, деп хабарлайды «Хабар 24».

Футболдан UEFA Ұлттар лигасында С дивизионында Қазақстан ұлттық құрамасы елордадағы «Астана Арена» стадионында Словакия командасын қабылдады. Бұған дейін қазақстандықтар өз тобында 7 ұпаймен көш бастап келе жатқанымен, екінші орындағы словакиялықтар негізгі фаворит еді. Өз алаңында Қазақстанға 0:1 есебімен есе жіберген Словакия елордаға қалайда қарымта қайтару үшін келген еді. Бұл ойында құрамаға оралған Асхат Тағыберген капитандық тізгінді қайта қолға алды. Ал Исламбек Қуат екі рет ескерту алғандықтан, матчтан тыс қалды. Бірінші таймда 18-минутта оң қапталдағы Михаил Габышевтан пас алған Ян Вороговский есеп ашты. 31-минутта Я.Вороговскийдің тағы бір гол соғатын мүмкіндігі болды. Есесіне 39-минутта тағы да оң қапталдан А.Тағыберген берген допты Эльхан Астанов баспен торға дәл түсірді. Бұл Э.Астановтың ұлттық құрамадағы алғашқы голы. Екінші таймда 51-минутта словакиялық Матуш Бероның айып алаңына кірместен, тепкен добы голға айналды – 1:2. Бұдан кейін Игорь Шацкий екі мәрте өз қақпасын аман алып қалды. 87-минутта дөрекі ойнаған словакиялық Ондрей Дуда алаңнан қуылды. Осылайша, қарсыласын 2:1 есебімен тізе бүктірген Қазақстан құрамасы ұпай санын 10-ға жеткізді.

Айта кетейік, Магомед Адиев жаттықтырғаннан бері қазақстандықтар төрт кездесудің үшеуінде жеңіске жетті. Бұл – тамаша нәтиже. Қазақстан құрамасы қалған ойындарын қыркүйек айында өткізеді. 22 қыркүйекте Беларусь командасын қабылдаса, үш күннен кейін сырт алаңда Әзербайжанмен кездеседі.