Дүниежүзілік ойындарда жалпы командалық есепте Қазақстан он төртінші орынға көтерілді

Каратэ-до шебері Софья Берульцеваның алтын медалінен кейін 2022 жылғы Бүкіләлем ойындарында Қазақстан құрамасы жалпы командалық есепте он төртінші орынға көтерілді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Айта кетсек, бүгін қазақстандық каратэ-до шебері Софья Берульцева Бүкіләлемді ойындарда 68 келіде финалда испаниялық Мария Торрес Гарсиядан басым түсіп, чемпиондық атаққа қол жеткізді. Аталған медальдан кейін ел құрамасы жалпыкомандалық есепте он төртінші орынға көтерілді.

Көш басында Колумбия, Украина, Жапония құрамалары келеді.

Ел құрамасы сапында 16 қазақстандық кикбоксинг, садақ ату, муай-тай, джиу-джитсу, спорттық акробатика, брейкинг, каратэ-до секілді спорттың сегіз түрінен жүлдеге таласады. Әлемнің 110 елінен келген 3500-ден астам атлет 34 спорт түрінен 223 медаль жиынтығын сарапқа салады.

Бүкәлемдік ойындар 1981 жылдан бастап 4 жылда бір мәрте тұрақты түрде өткізіліп келеді. Айтулы аламан Олимпиада ойындарынан кейінгі жылы жалауын көтереді. Ол 2001 жылдан бастап Халықаралық Олимпиада комитетінің қолдауымен ұйымдастырылады.