Қазақстандық ауыр атлет Азия чемпионатында жүлдеге ілікті

Ерасыл Омаров – Азия чемпионатының жүлдегері. Дәл қазір Ташкентте ауыр атлетикадан жастар мен жасөспірімдер арасындағы құрлықтық дода өтіп жатыр, деп хабарлайды «Хабар 24».

Байрақты бәсекеге 21 елден 300-ден аса қатысушы жиналды. Жарыстың алғашқы күндері жеңіл салмақтағы сындар болды. Мәселен, 55 келіге дейінгілер арасында ел намысын Ерасыл Омаров қорғаған. Ол жұлқа көтеруде 104, ал серпе көтеруде 124 келіні басынан асырды. Осылайша 228 келімен жалпы есепте үшінші орынға тұрақтады. Бірінші және екінші орынды Вьетнам спортшылары иемденді. Бұған қоса, қыздар арасында 45 келіге дейінгілердің жарысы өтті. Бұл сынға еліміз атынан Александра Беленко қатысып, жарыс қорытындысы бойына 5-орынға тұрақтады. Өзбекстандағы Азия чемпионаты 25 шілдеге дейін жалғасады.

Ерасыл Омаров, Азия чемпионатының жүлдегері:

– Неше күн бойы салмақ тастап келдім. Осыған да шүкір. Үшінші орын алдым. Негізгі салмағым 59 еді, 55-ке дейін қудық. Бізде бәріміз алтын деп келдік. Бәрі алтын алады деген үміттемін. Сәттілік тілеймін. Қарсыластарыма да. Болашақта тағы жарысатын боламыз.

РЕЙТИНГІЛІК ТУРНИРДЕ ТОП ЖАРДЫ

Қоржында 7 медаль. Тунис елінде күрес түрлерінен рейтингілік турнир өтті. Қазақстандық спортшылар, оның ішінде еркін күрес шеберлері 7 рет жеңіс тұғырынан табылды. Әсіресе Азамат Дәулетбеков пен Әбдіманап Байгенжеев қарсылас шақ келтірмей, өз салмақтарында чемпион атанды. Азамат 86 келіде, Әбдіманап 92 келіде ел намысын қорғаған еді. Ал орта салмақтағы Талғат Сырбаз бен Болат Сақаев финалда ғана есе жіберіп, күміс жүлдегер атанды. Дәл осылай ауыр салмақтағы Мамед Ибрагимов та соңғы сында ғана қарсыласына жол берді. Ол финалды америкалық Кайл Снайдермен жолыққан болатын. Сонымен қатар, ұлттық құрама сапындағы Адлан  Асқаров пен Әлішер Ерғали үшінші орынға ілігіп, қола жүлдеден еншіледі. Осының арқасын Қазақстан құрамасы жалпыкомандалық есепте үшінші орынға тұрақтады. Жүлдегер спортшыларға рейтингілік ұпай берілді. Бұл көрсеткіш алдағы әлем чемпионатына қатысуға мүмкіндік береді.

АЛЕКСЕЙ ЩЕТКИН КЛУБСЫЗ ҚАЛДЫ

Алексей Щеткин клубсыз қалды. Ұлттық құраманың шабуылшысы волгоградтық «Ротордан» кеткені белгілі болды. Неміс порталының хабарлауынша, 31 жастағы футболшы 1 шілдеден бастап жұмыссыз. Яғни ешқандай командадамен келісімге келмеді. Щеткин Роторда 2021 жылдың қаңтарынан бастап ойнады. Ресейлік команда үшін бас-аяғы 25 матчқа қатысты. Осы аралықта 6 гол соғып, 3 сары қағыз алып үлгерді. Алексей өзінің соңғы ресми матчын 21 мамырда өткізді. Transfermarkt порталың мәліметіне сәйкес, ойыншының нарықтық құны 300 мың еуроны құрайды.

Айта кетейік, Щеткин бұның алдында шымкенттік Ордабасы сапында өнер көрсеткен еді. Ал, ұлттық құрама ойындарына 2011 жылдан бері қатысып жүр.