Дзюдошыларымыз Азия чемпионатының алғашқы күнінде үш медаль алды

1 күміс және 2 қола. Дзюдодан Азия чемпионатының алғашқы күні жерлестеріміз осындай жетістікке жетті.

Байрақты бәсеке дәл қазір елордадағы жекпе-жек сарайында өтіп жатыр. Оған 30 елден 400-ге жуық спортшы жиналды. Ең бірінші боп татами төріне жеңіл және орта салмақтағы спортшылар шықты. Әсіресе 60 келіде сынға түскен Мағжан Шамшадин қола жүлдегер атанды. Ол соңғы сында моңғолиялық палуанды ұтты. Артынша 66 келідегі Ғұсман Қырғызбаев та қола еншіледі. Бірақ ол медальді жекпе-жексіз алды. Яғни жүлде үшін қырғызстандық Қуанышбек Айбекұлымен кездесуі керек еді. Кейінгісі қолын сындырып, жарыс алаңына шыға алмады.

Ал қыздар арасында қазақстандық Абиба Әбужақынова финалға дейін жетіп, соңғы жекпе-жекте жапониялық Вакана Когаға есе жіберді. Қортынды есеп: 1:0. Елордадағы жарыс 7 тамызға дейін жалғасады. Нәтижесінде үздіктеріне Азия чемпионы атағынан бөлек әлемдік рейтингке қажетті ұпайлар да таратылады.

Мағжан Шамшадин, Азия чемпионатының қола жүлдегері 

Абиба Әбужақынова, Азия чемпионатының күміс жүлдегері