Қазақстан гандболшылары Кореяда Азия чемпионатына қатысып жатыр

Қазақстан гандболшылары бүгін Оңтүстік Кореяда басталған Азия чемпионатына қатысуда.

Турнир 10 команданың басын қосты. Олар екі топқа бөлінді. Азияның үздік 5 командасы бір жылдан кейін Дания, Норвегия және Швецияға бара алады. Осы елдерде әйелдер арасында гандболдан әлем чемпионаты өтеді. Бүгін қазақстандық спортшылар алғашқы кездесуін өткізді. Табан тірескен күресте жерлестеріміз 26:28 есебімен қытайлық қарсыластарынан жеңіліп қалды. Оңтүстік Кореяда Қазақстан құрамасы Гонконг, Таиланд және Жапонияның гандболшыларымен де кездеседі. Қазақстан гандбол федерациясының мәліметі бойынша, біздің команда мүшелерінің орташа жасы 24 -те. Қаржы тапшылығынан спортшылардың халықаралық өнер көрсету тәжірибесі аз.

Валентина Дегтярёва, Қазақстан гандбол федерациясының бас хатшысы:

- Қытай құрамасы Ресейде бір жарым жыл дайындалды. Яғни олар Еуропаға барып, жергілікті  командалармен ойнады. Ал Қазақстан құрамасы гандбол федерациясы және демеушілердің арқасында тек Қазақстанда ойнай алады,  шетелге шығуға мүмкіндік жоқ.